Қазақстан армиясы резервте тұрғандармен толығады - видео

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Аягөз гарнизонында резервте тұрғандар жиыны - солдаттар мен сержанттар құрамдарының қажетті мамандықтары бойынша қайта даярлау өткізілуде.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Жиынға Шығыс Қазақстан облысының бірнеше аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінен 300-ге жуық адам шақырылған. Олардың арасында оқытушылар, жүргізушілер, механиктер және т.б мамандықтардың өкілдері бар.

Резервистер іс жүзінде атыс, саптық, дене, мемлекеттік-құқықтық және арнайы даярлық сабақтарында іс жүзінде дағдылануда. Олар әскери бөлім полигонындағы шатырлар лагерінде орналастырылған және белгіленген нормаларға сәйкес заттай мүлікпен (киім-кешекпен), тамақпен қамтамасыз етілген. Әскери жиынға шақырылғандардың жұмыс орындары мен жалақысы сақталады.

Әскери оқытылған резервті даярлау және осы жиыннның жұмысын ұйымдастыру кезінде командирлерге Аягөз қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің өкілдері үлкен көмек көрсетуде. Олар мемлекетіміздің жұмылдыру резервін даярлаудың оң нәтижелерін атап өтті.

Жиынға шақырылған әскери міндеттілер - әртүрлі мамандық иесі болып табылатын ересек адамдар әскери іске машықтануда орасан зор ынта-жігер көрсетуде және жаңа техниканы, жаңа нормативтік және басшылық құжаттарды зерделеу үстінде. Олар жоғары орындаушылығымен ерекшеленеді және көпшілігі қазірдің өзінде келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдануға тілек білдіруде, - дейді бөлім командирі подполковник Мерген Капашев.