«Біз неге шет мемлекеттердің дамуы үшін ресми көмек көрсетуіміз керек деген мәселені жұрт түсінулері керек. Өйткені, мемлекеттік бюджеттен осыған қаражат бөлінеді, ал ондай қаражатты ішкі маңызды мақсаттарға да жұмсасақ болады емес пе? Бұл тұрғыдан алғанда ең бірінші түйетініміз сыртқы саясат - бұл қашанда ішкі саясаттың жалғасы. Ішкі саясат бөлек, сыртқысы бөлек деген болмайды», - деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, Қазақстанның қазіргі таңда сыртқы саясатта жүзеге асырып жатқанының барлығы - ішкі ұлттық мүддеге сай келеді. Соның ішінде Ауғанстан да бар. Осыған орай, Мәжіліс депутаты «Неге біз Ауғанстанға көмектесіп келеміз?» деген сауалға жан-жақты тоқталып өтті. Оның айтуынша, Ауғанстанға көмектің ұзақ жылдарға арналған бағдарламасы 50 млн. долларды құрайды. Соның аясында мың ауған студенттерін оқытуды өз міндетімізге алдық. Ал бұл не үшін керек?
«Бізге тұрақты Ауғанстан қажет. Ауғанстандағы тұрақтылық - бұл Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға төнген қатердің азайғанын білдіреді. Бұл - есірткі ағынының, терроризм мен экстремизммен байланысты қауіптің төмендегенін, босқындар проблемасының азаятынын білдіреді. Сондықтан да, біз Ауғанстанда қашан тұрақтылық болады деп қол қусырып отырмай, оған өз үлесімізді қосуға тиіспіз», - деді ол.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, шет елдерге ресми көмектің екінші бір тиімділігі - Қазақстан үшін жағымды имидж қалыптастырады.
«Бұл әсіресе қандай да бір халықаралық ұйымдарда басшылық органдарға өзімізді ұсыну барысында оң әсер береді. Мәселен, біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшелігіне өтініш беріп, сонымен жұмыс істеп жатырмыз. Ал оған сайланғаннан не пайда? Әрине, мұның еліміздің ішкі жағдайына тиімділігі орасан. Өйткені, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке өтсе, елімізді бүкіл әлем одан сайын тани түседі, елімізді БҰҰ аясында таныған сайын сенім де арта түседі. Ал сенім артса, инвестицияның ағылуына да жол ашылады. Инвестиция дегеннің өзі ұлттық экономиканың қарқынын үдетеді. Қысқаша айтқанда, сыртқы саясатымызды оздыру арқылы біз ішкі жағдайымызды онан сайын орнықты ететін боламыз», - деді М. Әшімбаев.