Қазақстан автокөлік саудасы көлемі бойынша бұрынғысынша топ-50 елдердің қатарына кіріп отыр
11:16, 01 Қазан 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан нарықта автокөлік саудасы көлемі бойынша бұрынғысынша топ- 50 елдердің қатарына кіріп отыр. Бұл туралы бүгін Қазақстан машина жасаушыларының үшінші форумында PricewaterhouseCoopers компаниясы автомобиль-логистикалық дамыту саласы бағытындағы директоры Шалқар Нұртілеуов мәлім етті.
«Алғашқы бес айда Қазақстанда 67 мың жаңа автокөлік тіркелді. Әрине, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда төмендеу, бірақ қарқын сақталуда. Қазақстан бұрынғысынша нарықтағы көлік саудасы көлемі бойынша топ-50 елдің қатарында. Біз бұл жағдайды жақсы нышан ретінде бағалап отырмыз», - деді ол.
Ш. Нұртілеуовтің сөзіне қарағанда, бүгінде еліміздегі автомобильдің орташа жасы - 12 жыл.
«Бұл тұрғыда айтарым, Қазақстанда жаңа көліктердің өсімінің қарқыны жақсы, яғни ескі автомобильдердің үлесі жыл сайын азайып келеді. Бұған мемлекеттік реттеу шаралары әсер етуде. Атап айтқанда, енгізілген техникалық регламент, көлікті сатып алуға негізделген жеңілдетілген несиелендіру бойынша мемлекеттік қолдау оң ықпал етті»,- деді ол.