Ағымдағы жылдың маусым айында Астанада толеранттық пен мәдениетаралық диалог тақырыбында ЕҚЫҰ конференциясы өтеді. Бүгін елордада ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев елімізде тіркелген дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуі барысында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ЕҚЫҰ қазіргі төрағасының айтуынша, алдағы уақытта Қазақстан гендерлік теңдікті дамыту және әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуын арттыру жөнінде кеңестер өткізуді жоспарлайды. Бұл ретте Қазақстан әйелдердің мемлекеттік құрылымдарға қатысуын арттыру жөніндегі БДИПЧ бағдарламасына ко-спонсор ретінде шығуға ниетті. «Бұдан басқа, адами өлшемдер бойынша Қазақстан сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға, сондай-ақ жеккөрушілік салдарынан болатын қылмыстардың алдын алу секілді маңызды мәселелерге назар аударылатын болады. Сонымен бірге, адами өлшемдерге қатысты тағы бір маңызды іс-шара ретінде адам саудасының алдын алуға арналған мәселелерді талқылайтын жиын өткізуді ұсынамыз», деді Қ. Саудабаев.