Бұл туралы бүгін СІМ өткен апталық брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.
Оның айтуынша, байқауға 9-11-інші сынып оқушыларының қазіргі заманның өзекті мәселелері бойынша, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа байланысты өздерінің жеке көзқарастарын білдіретін шығармалары қабылданады. Бұл шығармалар ЕҚЫҰ елдері басшыларының біріне немесе барлығына арналған ағылшын тілінде жолдау хат түріндегі шығарма болуы тиіс.
«Өтініштерді қабылдау аяқталысымен, ұйымдастырушылар өкілдерінен тұратын сарапшылар комиссиясы ең таңдаулы 15 шығарманы анықтап, олардың арасынан байқаудың үш жеңімпазы мен бас жүлде иесін таңдайтын болады. Бас жүлденің иесіне ноутбукпен қоса «Австрия әуежолдары» компаниясының Қазақстандағы өкілдігі 2011 жылдың қаңтарындағы қысқы демалыс уақытында «Астана-Вена-Астана» бағыты бойынша авиабилетін тапсырады», - деді А. Әбдірахманов. Байқау қазанның 20-сына дейін жалғасатын болады.
«Сонымен қатар, СІМ Халықаралық ақпарат комитеті «Қазақстан және АҚШ - болашаққа көзқарас» тақырыбындағы жастар шығармашылығының байқауына өтініштерді қабылдауды қазанның 15-іне дейін жалғастырады. Байқауға жасы 30-ға толмаған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Шараның екі жеңімпазына «АҚШ-тың үш астанасы (Нью-Йорк-Филадельфия-Вашингтон)» және Ниагара сарқырамасына тегін сапарға аттану ұсынылып, Вашингтондағы Қазақстан мәдениеті фестивалінің салтанатты жабылуы мен Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған қабылдау рәсіміне қатысуына жағдай жасалады», - деді А. Әбдірахманов.