Қазақстан бидайының Қытайға сатылмауына не себеп?

АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат /Ризабек Нүсіпбек/ - Еліміздің басты байлығы жер қойнауында ғана емес, жер бетінде де жетерлік. Қазақстан мұнайлы ел болумен бірге, аграрлық салада да жедел дамып келеді. Оны Президентіміз де жиі қайталап, әр сөзінде ауылшаруашылығын көтермей, ел экономикасын өркендете алмайтындығымызды ескертеді. Қазақстанның болашақта ауылшаруашылық өнімдерін экспорттайтын ірі мемлекеттердің қатарына қосылуға мүмкіндігі зор.

      Бүгінгі таңда еліміздің астық өнімдері Африка, Азия мен Еуропаның 70-тен астам елдеріне шығарылып, астық экспорты бойынша 6-7 орынды иеленіп отыр. Бұл мақтанарлық нәтиже. Алайда, миллиард халқы бар тарихи көршіміз Қытай еліне біздің бидайымыздың тіптен аз мөлшері ғана өтіп отыр. Қолда бар мәліметтерге жүгінсек, Қытайда жылына 20 миллион адам артық  туады, бұл бір ауданның астығын жоғалтумен пара пар. Қытайдың жылдық өнімі 100 миллион тонна төңірегінде бола тұрса да жылына 10 миллион тонна астық импортын қажет етеді. Бұл қазақ бидайының экспорты үшін табылмас сұраныс. Қазақстан сынды аграрлық  елмен көрші бола тұрса да Қытай не үшін Канада, АҚШ секілді елдерден бидай тасиды деген сұрақ туындайды.

    Қазақстан бұрын социализм кеңістігінде болған ел. Бұрын Кеңес одағының бидайы жөнінде Қытай жақсы пікірде болмаған. Кезінде тіпті біздің бидайды Қытайға кіргізуге тыйым салынған. Өйткені кеңестік бидай қаракүйе  ауруына шалдыққан,  сапасыз  деген түсінік қалыптасты. Мұндай көзқарастың қалыптасуына елімізде ядролық қару сынағының жүргізілуі де әсер еткен болуы керек. Бірақ кейін еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін бұл теріс пікірдің бәрі де келмеске кетті. Ал бүгінгі қазақ бидайының Қытайға сатылуына не кедергі болып отыр?

    Қытай елінде арнайы грантты жеңіп алып, қазір С. Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте бір жылдық келісімшартпен жұмыс істеп жатқан Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдарының доценті Думан Иманмәдіұлы мұндағы гәп сапа стандарттарының сәйкессіздігінде  жатқанын айтады.  Оның айтуынша, Қытай Қазақстан бидайын білмейді. Өйткені Қытайда Қазақстан бидайы туралы ғылыми еңбек жоқ, Қытайдың ауыл шаруашылық  ғалымдары да бұрын-соңды Қазақстанға келіп зерттеу жұмыстарын жүргізбеген. Тағы бір себеп - Қытай мен Қазақстанның бидай сапасына берілетін мемлекеттік стандарттардың сәйкес келмеуінде болып отыр.  «Тарқатып айтсақ, Қытайда бидайдың сапасын оның ауырлығына байланысты  анықтайды. Мысалы, бидайдың салмағы 750 г/л - ден  (грамм-литр) жоғары болса (бұл жерде Қытай тарапының бидай сапасын тексеру үшін 1 литр ыдысқа салынған бидайдың салмағы 750 граммнан жоғары не төмен болуына байланысты сапа көрсеткішін белгілейтіндігі меңзеліп отыр. - ред.), ол бірінші сұрыптыға  жатады. Ал Қазақстанның бидайы уыздылығымен өлшенеді, яғни ақуыздың көптігімен бағаланады. Осы себепті екі елдің арасында әлі күнге дейін бидай саудасы жүргізілмей келеді. Менің Қазақстанға сапарымның мақсаты да сол, қазақ бидайының ерекшеліктерін зерттеп, мемлекеттік стандарттарды сәйкестендіру», - дейді Д. Иманмәдіұлы.

        Қытайға астық экспорттау мәселесі еліміздің Ауыл шаруашылық министрлігін де бей-жай қалдырып отырмаған сыңайлы. Қазір бұл бағытта да жүйелі жұмыстар қолға алына бастапты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агротехникалық саясат басқармасының бастығы  Сағынтай Жұмажановтың айтуынша, Қытаймен астық саудасын жасау біз үшін өте пайдалы, өйткені шекарамыз тиіп тұрған көршіміз. Арамыз темір жол, тас жолдармен жалғасады. Ал басқа елдерге  мысалы: Солтүстік Африка, Еуропаға жеткізу үшін Ресей, Украина арқылы өтеміз. Бұл қосымша шығынды көбейтіп, астық бағасын қымбаттатады. Сол арқылы әлемдік рыноктағы бәсекеде орны төмендейді. Меніңше,  еліміздің Қытаймен бидай саудасының  бүгінге дейін болмауына түрлі жақтан қарауға болады. Әуелі  Кеңес үкіметі жабық саясат ұстанғандықтан, Қытаймен сауда қатынасы болмады. Қытай сол кезде Канада, АҚШ сынды  елдермен тығыз қатынас орнатып, теңіз жолдары арқылы астық тасыды. Тұрақты сауда қатынасын қалыптастырды.

«Тағы бір себеп, Қытайдың бізбен шекараласатын аудандары, мысалы Шынжаң-Ұйғыр  автономиялық  өлкесінің   топырағы құнарлы, астығы сапалы, әрі жеткілікті болды. Ал ішкі Қытайға бидайды бізден гөрі арғы жағынан тасу тиімді болған шығар. Бірақ заман еркіне қоймайды, Қытай халқы жылдан-жылға көбейіп келеді. Қазір олар  астық импортына мұқтаж. Бұл мәселе туралы еліміз тарапынан көптеген іс-шаралар атқарылып  жатыр. 2003 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің делегациясы Бейжіңге барып, Қазақ бидайының таныстырылымын жасады. Және сол жерде  арнайы өкілдігіміз құрылды. Қазір  екі ел арасындағы санитарлық жағдай туралы хаттама бекіді. Ол жағынан ешқандай кедергі жоқ. Жақында 24 тонна бидайды Үрімшіге жібердік, ол жерден стандартын тексеріп көреді. Біздің бидайдың сапасы өте жоғары екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Жылына 8 - 9 миллион тонна астық экспортын жасап келеміз. Құдай қаласа, Қытаймен нағыз сауда енді басталады», - дейді С. Жұмажанов.      

Қазақстанда 17 миллионға жуық халық тұрады. Ішкі  нарықта   шамамен 9-9,3 миллион тонна бидай тұтынады. Еліміз жылына орта есеппен 18 миллион тоннадай астық жинайды. Осы көрсеткіш біздерді ойландыруға тиіс. Негізінен буға, суға піскен тағамдарды жақсы көретін қытайлар бүгінде ұн тағамдарын да көптеп тұтына бастады. Бұл Қытай үкіметін бидайды неғұрлым көптеп сатып алуға итермелеп отыр. Қытай үшін де алыстан арбалағанша, іргеден бидай тасымалдау әлдеқайда тиімді. Бидайды жақын жерге жеткізіп, көбірек табыс табу бізге де қолайлы болар еді.