Бұл тақырыпта анкаралық сарапшы Мұстафа Ашчымен сұхбаттасқан едік. Түркияның Стратегиялық зерттеулер және талдаулар орталығы төрағасының орынбасары аталған саладағы цифрлық трансформация қандай мүмкіндіктерге жол ашатыны жөніндегі көзқарас-тұжырымын бөлісті.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың мектептердегі білім беру жүйесіне ЖИ-ді енгізу бастамасын қалай бағалайсыз?
– Бұл бастаманы стратегиялық әрі заман талаптарына сай қадам деп бағалауға болады. Бүгінде білім беру жүйесі цифрландыруға ғана емес, сондай-ақ, ЖИ көмегімен жүргізілетін модельге де бет алған. Қазақстандағы мектептерде цифрлық жобаларды және AI-платформаларда оқып жатқандар жайында деректер жүйесін дамыту елдің оң талпынысын көрсетеді, яғни республика болашақтың білім беру моделіне қазірден бастап дайындалып жатыр.
Бұл әлемде болып жатқан үрдістерге сай келеді. Мәселен, Сингапур, Эстония және БАӘ тәрізді елдер оқытушыларды қолдауға арналған оқыту курстарын, цифрлық жүйелерді және ЖИ негізіндегі білім беру платформаларын белсенді түрде қаржыландырып келеді. Жаһандағы мұндай өзгерістерден Қазақстан да қалыс қалмай, білім беру бағытына заманауи технологияны енгізуді стратегиялық құрал ретінде қарастырады.
– Түркия білім беру саласындағы цифрландыруды қарқынды түрде дамытып жатыр. Сіздің елдің ЖИ және EdTech секторындағы қандай тәжірибесі Қазақстанның кәдесіне жарап, пайдалы болуы мүмкін?
– Түркияның цифрлық білім берудегі тәжірибесі Қазақстан үшін сенімді тірекке айнала алады. Ең алдымен, EBA жүйесін атап өткен жөн. Пандемия кезінде Түркия қашықтан білім беру инфрақұрылымын қысқа уақытта іске қосты. Бұл бағдарлама цифрлық білім беру контентін орталықтандырылған басқару жүйесінің маңызды тәжірибесі болды.
Одан бөлек, FATİH жобасының арқасында интерактивті тақталарды, планшеттрді және цифрлық оқулық материалдарын мектеп бағдарламасына енгізуде мол тәжірибе жиналды. Сонымен бірге, бұл үдеріс жаңа технологияларды енгізгенде, оқытушылардың өздерін оқыту қаншалықты өзекті екенін көрсетті.
Түркияда өркендеп келе жатқан EdTech экожүйесі де Қазақстан үшін қызықты болуы ықтимал. Атап айтқанда, елімізде білімді тексерудің, оқуға бейімдеудің және білім беруді талдаудың AI-жүйелері дайындалды. Бұл мәселелер мемлекеттеріміздің арасындағы серіктестікті де күшейтер еді. Сонымен бірге, Қазақстанның тәжірибесі де біздің аймағымызда және республикамызда сұранысқа ие болмақ.
– Қазақстанда қала және ауыл мектептеріндегі айырмашылықты жою тақырыбы өзекті. ЖИ технологияларын білім беру сапасын арттыруға қалай қолдануға болады?
– Шүбәсіз, ЖИ технолгияларын ұтымды пайдалану арқылы білім беру саласындағы мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етуге болады. Әсіресе, жер аумағы үлкен елдерде AI-жүйелер сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға септігін тигізеді.
Мысалы, мұғалім жетіспейтін елдімекендерде ЖИ негізіндегі платформалар білім алушыларға дербестендірілген қолдау көрсете алады. Оқушылардың үлгерімін талдай отырып, жүйе олардың әрқайсысына жеке оқу жоспарын құруға қабілетті. Сондай-ақ, ЖИ ұстаздарға баға қоюда, оқу материалдарын әзірлеуде және сабағын жоспарлауда жәрдемдеседі.
– Қазақстанда қабылданған құжатта ЖИ оқушыларды алмастырмауы тиіс, оларға көмекші құрал болуы керек деп жазылған. Сіздіңше, алдағы 5-10 жылда оқытушылардың рөлі қалай өзгереді?
– Жуық арада мұғалімнің орны төмендемейді, керісінше, бұл мамандықтың стратегиялық және тәлімгерлік тұрғыда рөлі күшейеді.
ЖИ қауырт тапсырманың айтарлықтай бөлігін «мойнына алады». Мысал ретінде оқушылардың үй тапсырмасын тексеру, деректерді талдау және шәкірттердің оқу үлгерімін бақылауды атауға болады. Соның арқасында ұстаздар білім алушылардың әлеуметтік, психологиялық және жеке дамуына көбірек көңіл бөледі.
Келешектің оқытушысы білім беріп қана қоймай, тәрбиеші-тәлімгердің, білім берудегі коучтың, сыни ойлауды және цифрлық сауатты жетілдірудегі көмекшінің де қызметін атқарады. Сонымен қатар, мұғалімдерге қойылатын талап та күшейе түспек. Оларға AI-сауатты болу, цифрлық білім беру материалдарын дайындау және тарқатып, түсіндіру міндеттері жүктеледі.
Жалпы, жасанды интеллектіні мұғалімнің орнын басатын емес, оның білім берудегі мүмкіндіктерін күшейтетін құрал ретінде қарастырған дұрыс. Технологияны жаппай енгізу және оқыту барысында адамға, яғни ұстазға басымдық берудің арасындағы теңгерімді сақтай білген елдер бұл салада зор жетістіктерге жетеді.
Айта кетейік, бұған дейін Президент орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойғанын жазғанбыз.