«2018 жылдың қаңтар айында біздің ел БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне бірінше рет төрағалық ететін болады. Осы халықаралық орган аясында біз барлық әріптестермен табысты жұмыс істеуге ниеттіміз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Елбасы Қазақстанның бүгінгі экономикасы іскерлік ынтымақтастыққа кең мүмкіншілік, зор әлеует ашып отырғанын баса айтты.
«Біз шетелдік әріптестермен сауда-экономикалық қарым-қатынасымызды нығайтуға мүдделіміз. Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одаққа, Орталық Азия мен Қытай нарығына шығатын инфрақұрылым қалыптасты. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының, Еуропалық одақ пен Азияның көптеген елдері үшін визасыз режім енгізілді», - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев инвесторлар мен бизнесмендердің өзара тиімді іс-қимыл орнату мақсатында елімізде Қазақинвест, Қазақэкспорт ұлттық компаниялары құрылғанын еске салды.
«ЭКСПО-ның мұрасы ретінде бірнеше ірі нысандар жұмысын бастайтын болады. Олар: Астана халықаралық қаржы орталығы, Жасыл технологияларды дамыту жөніндегі БҰҰ-ның халықаралық орталығы және ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі. Сіздердің елдеріңіз осы жобаларды іске асыруға белсенді қатысады деп сенемін», - деді Елбасы шетелдік дипломаттарға қарата.