Қазақстан делегациясын бастап барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев өз баяндамасында Қазақстанда адам құқығының қандай деңгейде екендігін егжей-тегжейлі баяндады.
Осыған орай бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде Ұлттық баяндаманы қорғауға қатысқан еліміздің делегациясының өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді.
Сөз басында адам құқығы саласындағы әмбебап мерзімді шолу дегеннің не екендігіне тоқталған ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің айтуынша, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі 18 жылдың ішінде адам құқығы саласындағы көпжақты 60-тан астам халықаралық шарттар мен келісімдердің қатысушысы болып үлгерген. Соның ішінде 9-ы адам құқығына арналған әмбебап келісімшарт болса, оның жетеуін Қазақстан ратификациялаған.
«Қазақстанның адам құқығы саласындағы барлық міндеттемелеріне арналған осы ұлттық баяндама БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жұмыс тобында талқыланды. Оның алдында бүкіл мемлекеттерге ТМД және Орталық Азия елдерінде тұңғыш рет дайындалған адам құқығы саласындағы ұлттық іс-қимылдар жоспарымызбен таныстырған болатынбыз. Үш сағатқа созылған интерактивті диалогқа әлемнің 80-ге жуық елі қатысып, олардың 54-і өз пікірлерін білдірген еді. Ал өз пікірлерін білдіруге үлгермеген мемлекеттер ұсыныстарын БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі хатшылығына өткізген болатын», деді ол.
Т.Әбішевтің айтуына қарағанда, кеңес жұмысына қатысқан мемлекеттердің басым көпшілігі Қазақстандағы жалпы адам құқығының сақталуына оң бағаларын берген. Әсіресе олар 2009-2012 жылдардағы еліміздің Адам құқығы саласындағы Ұлттық іс-қимылдар жоспарына зор қызығушылық танытып, құқықтық саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталған Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына да оң ықылас білдірген. Сондай-ақ Қазақстандағы ұлттық татулық пен саяси тұрақтылыққа, Қазақстан азаматтарының білім алу деңгейіне, денсаулық сақтау саласына барлық елдердің делегациялары өте жоғары бағасын берген.
Елімізге адам құқығын жақсартуға қатысты 100-ге жуық ұсыныстар айтылса, соның ішінде ең негізгілері азаматтарды азаптауға қатысты болған. Жалпы ҚР азаптауға қарсы конвенцияның қатысушысы болып табылады. Сондықтан кез-келген азаматты ұстау немесе тергеу барысында күштеп немесе психологиялық әсер ету арқылы азаптауға, қорлауға, ар- ожданын аяққа басуға болмайды. «Осы жағынан Қазақстанның құқық қорғау органдарының кейбір қызметтеріне кеңес жұмыс тобының тарабынан бірқатар ұсыныстар берілді. Ол Қазақстанда сирек те болса кездесетін азаптау әдістерін азайтуға қатысты жайттар төңірегінде өрбіді», деді өз сөзіне ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы. Кеңес жиынына қатысушы мемлекеттер елімізге сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсуге, сот төрелігін жүзеге асыруда азаматтардың құқықтарының сақталуына, сонымен бірге бала және әйел құқықтарының сақталуына қатысты ұсыныстар берген. Сонымен қатар, Қазақстандағы адам құқығын қорғаудың ұлттық институттарының жұмыстарын одан әрі жетілдіре түсуге де бірқатар ұсыныстар болған. «Қазір бұл ұсыныстар Сыртқы істер министрлігі арқылы орыс тілінде келіп түседі, содан кейін БАҚ-тарда талқыланатын болады», деді Т.Әбішев.
ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысының айтуынша, 2010 жылдың маусымында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде Қазақстанның ұлттық баяндамасына қатысты кезекті отырысы өтпек. Сол уақытта біздің елге қатысты ұсыныстар толық қаралып, бекітілмек. «Себебі, кейбір ұсыныстарға біз толық жауап беру үшін маусым айына дейін уақыт алған болатынбыз», деді ол.
Жалпы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған ел болғандықтан, аталған кеңеске қатысушы мемлекеттердің барлығы да еліміздегі адам құқығының сақталуына ерекше көңіл бөлген.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде адам құқығын қорғауға қатысты саласындағы әмбебап мерзімді шолу баяндаманы аталған ұйым құрамына кіретін 192 мемлекеттің барлығы да жасайды. Төрт жылда бір рет қайталанып отыратын механизм барысында жылына 48 мемлекет есеп береді. Қазақстан келесі өзінің адам құқығын қорғауға арналған ұлттық баяндамасын 2014 жылы қорғайтын болады.