Оны банктің басқарма төрағасы Ғали Исқалиев бүгін Алматыда 2010 жылдың қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты.
«2010 жылы банк жалпы құны 1,35 миллиард доллар болатын 6 жаңа инвестициялық жобаларды қаржыландыруды мақұлдады. Оның ішінде банктің үлесі 1,26 миллиард долларды құрады. Олардың арасында Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жарақтандыру, Мойнақ су электр станциясы құрылысының 3-кезеңі, Шардара су электр станциясының қуатын ұлғайту, Екібастұз қаласындағы жүк вагондарының өндірісін ұйымдастыру жобалары бар», - дейді Ғали Исқалиев.
Қазақстанның даму банкі (ҚДБ) тобы (ҚДБ және ҚДБ-Лизинг) былтыр жалпы құны 1,4 миллиард доллар болатын 18 жобаны іске қосты. Олардың арасында ҚР Үкіметінің стратегиялық инновациялар жобалар тізіміне енген нысандар да бар. Ондағы банктің үлесі 701,5 миллион долларды құрайды. Басқарма төрағасының айтуынша, биыл банк жалпы құны 2,4 миллиард долларды құрайтын 18 жобаны қаржыландырып, жаңа 5 жобаға инвестиция құюды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ҚДБ жүзеге асырып отырған 650 миллион доллардың 10 жобасын пайдалануға бермекші. Былтыр банктің қаржыландыру қорының көлемі 34 пайызға ұлғайып, 5,2 миллиард долларға жеткен болатын.
«Қазақстанның даму банкі» АҚ-ы активтерінің көлемі 1 қаңтардағы мәлімет бойынша 6,5 миллиард долларды құрайды. Отандық банктер арасында несиелік рейтингі ең жоғары қаржы институты саналатын бұл банктің несиелік рейтингін S&P рейтинг агенттігі желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіз рейтингі деңгейіне дейін көтерді. Басқарма төрағасының айтуынша, өткен жылы олар несиелік қоржынын 968 миллион долларға немесе 48 пайызға ұлғайтып 2,9 миллиард долларға жеткізді. Несиелік қоржын құрылымында инвестициялық жобалардың үлесі 82 пайызды құрап отыр. Оларды қаржыландыру кезінде металлургия, химия, мұнай химиясы, энергетика, көлік, коммуникация, туристік инфрақұрылым сияқты салаларға басымдық берілген.