Қазақстан дәрілік заттарды бақылау бойынша халықаралық деңгейге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — ДДСҰ Қазақстанның дәрілік заттарды реттеу жүйесін жоғары бағалады, деп хабарлайды Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің баспасөз қызметі.

Фото: Gov.kz

Қазақстанның дәрілік заттар айналымын реттеу жүйесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бағалауы бойынша жетілудің үшінші деңгейінде. Бұл ұлттық бақылау жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкес келетінін және дәрілік препараттардың сапасын, қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалаудың сенімді тетіктерін қамтамасыз ететінін білдіреді.

Ведомство атап өткендей, бұл деңгейге жету — фармацевтика саласын реттеу, мемлекеттік бақылау жүйесін дамыту және дәрілік заттар айналымына заманауи тәсілдерді енгізу бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында дәрілік заттарды өндірушілерге 18 фармацевтикалық инспекция жүргізілді, оның 16-сы тәуекелге негізделген тәсілді қолдану арқылы өтті.

Мұндай тәсіл бақылауды тиімдірек ұйымдастыруға мүмкіндік береді: бірінші кезекте жоғары тәуекел деңгейі бар объектілерге көңіл бөлінеді, бұл ықтимал мәселелерді уақытылы анықтауға және өндірілетін дәрілік заттардың сапасын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Сонымен қатар, фармакологиялық қадағалау жүйесін, яғни дәрілік препараттардың нарыққа шыққаннан кейінгі қауіпсіздігін мониторингілеуді дамыту жалғасып жатыр.

Негізгі бағыттардың бірі — цифрлық шешімдерді енгізу, соның ішінде медициналық ақпараттық жүйелерде «Сары карталар» модулін дамыту. Бұл құрал медицина қызметкерлеріне дәрілік препараттарға ықтимал жағымсыз реакциялар туралы жедел хабарлауға және оларды бағалау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

— Фармакологиялық қадағалау жүйесін жетілдіру дәрі-дәрмектерді қолдануға байланысты ықтимал тәуекелдерді тезірек анықтауға және талдауға, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес ұлттық бақылау жүйесін дамытуға көмектеседі. Қазақстанның фармацевтика саласы үшін жетілудің үшінші деңгейін бағындыру, оның ДДСҰ тарапынан нақтылануы маңызды нәтиже саналады және дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігін растайды, — делінген комитет таратқан ақпаратта.

Бұған дейін елдегі отандық дәрі-дәрмек өндірісі 39,8%-ға жеткенін жаздық.