Қазақстан ЕАЭО елдері үшін индустриялық ЖИ-зертханалар желісін құруды ұсынды

АСТАНА.KAZINFORM - Бүгін Астанада Еуразиялық экономикалық форумда Қазақстанның жасанды интеллект экожүйесі таныстырылды. «Жасанды интеллект және бәсекелестіктің жаңа парадигмасы: ЕАЭО трансшекаралық нарықтарының қаупі ме, әлде даму драйвері ме?» атты панельдік сессияда Одақ елдерінің - Қазақстан, Армения, Беларусь және Қырғызстанның бейінді министрлері мен вице-министрлері технологиялардың жаһандық бәсекелестікке, егемендікке және деректерді қорғауға әсерін талқылады.

Фото: ҚР Жасанды интеллекет және циярлық даму министрлігі

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сессия барысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун егеменді ұлттық ЖИ платформасының тәжірибеге терең енгені туралы маңызды деректерді келтірді: мемлекеттік қызметшілер ЖИ платформасын күнделікті тапсырмалар үшін 1 миллионнан астам рет, ал азаматтар мемлекеттік қызметтерді алу және мемлекеттік сатып алу бойынша цифрлық көмекшімен жұмыс істеу кезінде 2,5 миллионнан астам рет пайдаланған.

Фото: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Дегенмен, қазіргі уақытта Қазақстанның басты басымдығы - ЖИ-ді экономиканың нақты секторына шығару. Ол үшін 7 мыңнан астам параметрді қамтитын деректердің егжей-тегжейлі концептуалды атласы әзірленді. Бұл ретте, егер әлеуметтік сала, денсаулық сақтау және білім беруде цифрландыру деңгейі 80-95%-ға жетсе, нақты секторда тапшылық байқалады: өнеркәсіпте шамамен 40%-ы, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі желісі бойынша - бар болғаны 26% деректер цифрландырылған.

Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан ЕАЭО елдеріне күш-жігерді біріктіруді және дербессіздендірілген салалық деректермен бөлісу үшін университеттер базасында бірлескен ЖИ-зертханалар желісін іске қосуды ұсынды. Бұл тікелей өндірістерде немесе фермерлерде интернетсіз және суперкомпьютерлерсіз, локальді түрде жұмыс істей алатын ашық кіші тілдік модельдерді бірлесе оқытуға мүмкіндік береді.

Осы бастама туралы айта келе, Дмитрий Мун: «Біз үшін басты басымдық - жасанды интеллектті интеграциялау есебінен экономиканың сапалы өсуі. Тиімді модельдерді оқыту үшін өңірлік ерекшелікті, біздің климаттық жағдайларымыз бен салалық нюанстарымызды ескеретін деректер массивтері қажет. Осыған байланысты елдеріміз арасындағы негізгі индустриялар бойынша дербессіздендірілген деректермен өзара алмасуды ұйымдастырған жөн. Бұл ашық индустриялық модельдерді жедел қалыптастыруға мүмкіндік береді және бірлескен күш-жігермен біз бұл бағытта елеулі прогреске қол жеткізе аламыз» - деп атап өтті.

Кооперация және еңбек бөлінісі идеясын талқылаудың басқа қатысушылары белсенді қолдады. Беларусь Республикасының Байланыс және ақпараттандыру министрінің орынбасары Кирилл Залесский трансшекаралық деректер айналымы кедергілермен бұғатталмауы үшін ЕАЭО елдеріне реттеуші ортаны синхрондау және технологиялық қауіпсіздіктің бірыңғай стандарттары қажет екенін атап өтті. Ол Одақтың барлық мемлекеттерінде ЖИ-ге деген қажеттіліктер көп жағдайда сәйкес келетінімен келісті, сондықтан жүктемені салалық принцип бойынша бөлу - бір ел білім беру үшін, екіншісі медицина немесе өндіріс үшін модельдер әзірлеген кезде - бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. ЖИ-ді енгізу үшін пилоттық экономикалық сектор ретінде Беларусь өкілі құрылымдалған деректердің үлкен массивтері жинақталған логистиканы ұсынды.

Фото: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Армения Республикасының Жоғары технологиялық өнеркәсіп бірінші вице-министрі Геворг Манташян ЖИ технологияларын ЕАЭО-ның базалық принциптері - тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы төңірегінде шоғырландыруды ұсынды. Ол трансшекаралық сауда үшін мамандандырылған ЖИ-ассистенттерді құруды құптады, бұл бизнеске және Комиссияға құжаттардағы қателерді анықтауға және қызметкерлер штатын шексіз ұлғайтпай-ақ кедендік рәсімдерді жеделдетуге көмектеседі. Бұл ретте армениялық спикер интеграцияның басты басқарушылық тәуекелі ретінде жекелеген ведомстволардың өздерінің параллельді күн тәртібінің болуына байланысты әріптестерінің дайын тиімді шешімдерін ел ішінде бейімдегісі келмеуі деп айтты.

Қырғыз Республикасы Президентінің Іс басқармасы жанындағы «Түндүк» мемлекеттік мекемесінің директоры Азамат Жапаров та ойынның бірыңғай ережелерін әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.

Оның пікірінше, Комиссия мемлекеттік деректерді қорғауға, алгоритмдердің ашықтығына және ЖИ этикасына барынша назар аударуы қажет, бұл ретте цифрлық егемендікті қамтамасыз ету керек: әрбір қатысушы өз деректерін бақылауда ұстауы тиіс, бірақ оларды ортақ жобалар мен бірлескен құзыреттілік орталықтары шеңберінде қауіпсіз алмасу мүмкіндігіне ие болуы керек.

Азаматтар мен бизнес үшін алғашқы жылдам жетістік ретінде Қазақстан ЕАЭО елдерінің барлық заңдары цифрландырылған, заң саласындағы ЖИ-көмекшіні іске қосу бойынша бірлескен пилоттық жобаны ұсынды. Мұндай ассистент азаматтарға шекарадан өту кезінде өз тілінде ережелерді жедел бағдарлауға, бизнеске - Одақтың кез келген елінде компаниялар ашу мен салық салудың нюанстарын қарапайым сөздермен түсіндіруге, ал ЕЭК-тің өзіне - ұл ерекшелігін ескеретін актілерге өзгерістер енгізу кезінде қайшылықтарды автоматты түрде анықтауға көмектесетін болады.

Қазақстанның елдер арасында еңбек бөлінісі және деректер қауіпсіздігінің бірыңғай стандарттарын құру жөніндегі бастамасы Армения, Беларусь және Қырғызстаннан келген әріптестерінің белсенді қолдауына ие болды, олар ЕАЭО-ның технологиялық егемендігі үшін ведомстволық кедергілерді еңсеру қажеттілігімен келісті.

Атап өте кетсек, Қазақстан жүйелі түрде толыққанды ЖИ-инфрақұрылымын қалыптастырып келеді және Орталық Азияда көш бастап тұр. Data-driven мемлекетін құрудың негізі Smart Data Ukimet платформасы болды, ал инвесторлар мен әзірлеушілер үшін ашық ойын ережелерін жаңа «Жасанды интеллект туралы» ҚР Заңы бекітті. Технологиялық егемендік NVIDIA H200 чиптері базасында екі қуатты суперкомпьютерлік кластердің - alem.cloud және AI-Farabi-дің іске қосылуымен нығайтылды, олар TOP500 әлемдік рейтингіне енді. Сондай-ақ, Tomorrow School, Tumo, AI Sana жб білім беру жобалары арқылы адами капитал да белсенді дамып келеді.

Айта кетейік, Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрландыруға 177 млрд теңге бөлінді.