Қазақстан ЕХРО-2017-ге келетін шетелдіктерге виза алу рәсімін жеңілдетеді

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру және өткізу аясында елордаға келетін жекелеген тұлғалар санатына виза алу рәсімін жеңілдетеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Астана ЕХРО-2017» ҰК» АҚ Заңгерлік департаментінің директоры Майя Егімбаева мәлім етті.

Оның атап өтуінше, аталған жеңілдетілген тәртіп ҚР Үкіметінің жеке шешімі бойынша бекітілетін болады.

Сонымен қатар М.Егімбаева «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның шетелдік мамандарды тарту процедураларын жеңілдету бөлігіне өзгертулер енгізіледі. Мұндай қадам жаңа энергия үнемдеуші технологиялар элементтерімен әлемдік ауқымдағы нысандарды жобалау және салуда шетелдіктердің тәжірибесімен бөлісу үшін жасалады.