Қазақстан ЕҚЫҰ Саммитті өткізуге үлкен дайындықпен келді– саясаттанушы Нұрлан Сейдін

/>АЛМАТЫ. 1 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының аяқталуына 2 айдай ғана уақыт қалды. Қазірдің өзінде әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен сарабдал сарапшылар біздің елдің Ұйымға табысты төрағалық жасағанын айтуда. «ҚазАқпарат» тілшісі осыған орай бұл мәселеге қатысты пайымдауын білдіру үшін ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі, саясаттанушы Нұрлан Бақытжанұлы Сейдін мырзаны әңгімеге тартқан еді.

- Нұрлан Бақытжанұлы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына тоқталмастан бұрын, осы мәртебелі Ұйымның тізгінін ұстауға қалай қол жеткізгенімізге шолу жасап кетсеңіз.

- Қазақстан 2003 жылдан бастап ЕҚЫҰ төрағалығына үміткерлікке ұсыныс жасап, сол бағытта жұмыстар жүргізді. Сыртқы істер министрлігі тарапынан арнайы департамент құрылып, ЕҚЫҰ жұмысына тікелей араласа бастады. Ал 2007 жылы Мадридте «Қазақстан 2010 жылы төраға болады» деген шешім қабылданғаннан кейін, мемлекет "Еуропаға жол" деп аталатын арнайы бағдарламаны әзірледі.

Менің ойымша, бұл бірінші кезекте Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың алдында жеке дербес мемлекет ретінде қалыптасқандығын көрсетеді. 18 жыл тарих үшін аз уақыт қой. Осы азғантай уақыттың ішінде Қазақстан өзін халықаралық қатынаста көрсете білді, жаһандық мәселелерге белсене араласа отырып, аймақтық, жаһандық мәселерді шешу үшін түрлі ұсыныстар жасап, бастамалар көтерді, идеялар тастады. Бірқатар мәселелерді іс жүзіне асыруға мүмкіндіктер қалыптастырды. Сондықтан осыны ескере отырып, ұйым шеңберінде Қазақстанмен екіжақты байланыс орнатуға өзге елдер де мүдделі болды. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бір жағынан Қазақстан аймақтағы жетекші мемлекеттердің бірі. Екінші жағынан қазба байлықтарға бай ел. Қазақстанның қазба байлықтарын қай мемлекет болмасын келісіп, арзан бағамен алуға ынталы. "Мәңгілік дос жоқ, мүдде ғана бар" дегендей әрбір мемлекет қандай да бір қадам жасардан бұрын өзінің ұлттық мүддесін ойлайды.

- Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасағанына 10 ай болды. Бұйырса, енді 2 айдан кейін бұл мисияны аяқтайды. Бүгінде біздің елдің ұйымға төрағалығына қатысты қандай да бір қорытындылар жасауға болатын сияқты. Төрағалыққа қатысты Сіздің ойыңыз қандай?

- Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шеңберіндеосы уақытқа дейін мынадай-мынадай шаралар өтті деуге болады. Бірақ қорытынды жасауға әлі ертерек. Өйткені төрағалығымыздың қорытындысы алдағы 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін Саммиттің нәтижесіне байланысты болмақ. Қазір Саммиттің күн тәртібі қарастырылып жатыр. Оған қатысты ұйым мүшелері өз ұсыныстарын білдіруде. Саммитте әр ел өзіне маңызды мәселені күн тәртібіне шығарып, соны шешіп алуға тырысады. Сондықтан Саммитте қаралатын мәселелер мен қабылданатын шешімдерге қарап қана Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық қызметіне баға беру керек. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осы кезеңде 40-тан астам елді аралап, түрлі мәселелер бойынша көптеген кездесулер өткізді. Мұның бәрі Қазақстанның төрағалық қызметті атқару кезінде мойнына алған міндеттемелерінің аясында жүзеге асып жатыр.

-Сарапшылар тарапынан «бұған дейін төраға болған елдер ЕҚЫҰ қызметінде басшылыққа алынатын негізгі үш өлшемнің бәрін бірдей қатар алып жүре алмады» деген сын-пікір жиі айтылады. Төраға ретінде Қазақстан бұл сыннан қандай да бір нәтиже шығара алды ма?

- Әркім әртүрлі айтып жатыр ғой, «қауіпсіздікке көп көңіл бөлініп кетті, гуманитарлық мәселелер қалып қойды немесе екі өлшемге назар аударып, үшіншісін ұмыт қалдырды» деген сияқты. Қазақстан төрағалық қызметі кезінде ЕҚЫҰ-ның үш себетін де қатар алып келе жатыр десек болады. ЕҚЫҰ-ға төрағалығына дайындыққа кіріскен кезде Қазақстанның негізгі мақсаттарының бірі - ұйымның назарын Орталық Азия аумағына және посткеңестік кеңістікке аудара отырып, сол жердегі көптен бері қордаланып қалған мәселелерге шешуге ықпал ету болды. Әрине оны 1 жылдың ішінде түбегейлі шешіп жіберу мүмкін болмас, бірақ оларға ұйымның назарын аудартып, түйткілді мәселелерге қозғау салуға мүмкіндік бар. Ауғанстан мәселесі - бәрміздің ортақ мәселеміз. Ауғанстаннан 2011-12 жылдары АҚШ біртіндеп өз әскерін шығарайын деп жатыр ғой. Ертең әскерін алып кететін болса, біз ол елде болып жатқан күрделі мәселелермен бетбе-бет қаламыз. Есірткі саудасына қатысты миллиардтаған ақша айналымда жүр. Талибандар қайтадан билікке кеп жатса есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымы, лаңкестік, діни экстремизм, заңсыз көші-қон және тағы басқа мәселелер Орталық Азияға қарай жылжуы мүмкін. Сондықтан жоғарыдағы мәселелер аймақтағы елдердің ғана проблемасы емес, олармен күресті ортақ ұйым шеңберінде қарастыра отырып, мүмкіндігінше барлық елді сол күреске жұмылдыру керек. Бұл қауіпсіздікке байланысты әскери-саяси өлшемдегі істер.

Экономикалық және экологиялық өлшем бойынша да көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен Батыс Қытай-Батыс Еуропа көлік дәлізіне үлкен көңіл бөлінуде. Бұрынғы Жібек жолы бағыты бойынша өтетін жүктер Қазақстан арқылы Еуропаға жол тартады. Бұл жерде елімізде өндірілетін өнеркәсіптік өнімдерді шетелдерге шығаруға жаңа мүмкіндік туады.

Гуманитарлық өлшем бойынша да Қазақстан біраз саяси реформалар жүргізді, заңдарымыз жылдан-жылға жетілдірілуде. Азаматтық қоғамның қалыптасуы үшін айтарлықтай жұмыс жасалды. Болашақта да бұл үрдіс жүре береді. Еуропа елдеріне қарасақ, оларда бұл жұмыстар 2-3 ғасыр бойы жүргізіліп келе жатыр. Соған қарамасмтан әлі де бәрі түбегейлі шешіліп кетті деп айтуға болмайды. Олардың да өз мәселелері жеткілікті. Сондай-ақ біздің өзіндік ұлттық ерекшеліктеріміз, менталитетіміз бар. ЕҚЫҰ-ға кейінірек қосылған елдер 70 жыл бойы кеңестік тоталитарлық жүйеде өмір сүрді. Ондағы адам құқықтарын қорғау, демокоратиялық институтарды дамыту, сайлауларға мониторинг жүргізу жұмыстарының қысқа уақыттың ішінде халықаралық стандартқа толықтай сай болуы мүмкін емес.

-Халықаралық деңгейдегі ірі ұйымдардың үлкен басқосуларын өткізу үшін дайындық шараларына біршама уақыт кетеді. Қалай ойлайсыз, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет және Үкімет басшыларының Астана Саммитін жоғары деңгейде өткізуге уақыт жеткілікті ме?

- Қазақстан Саммитті өткізуге үлкен дайындықпен келді. ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа үміткерлік кезеңіндегі дайындық барысында қарастырылған негізгі мәселелердің түпкі нәтижесі - Саммит өткізу болатын. Сондықтан біздің еліміз бұндай жауапты іске жоспарлы түрде келді деп айтсақ болады. Екінші жағынан бұған дейін де бірқатар мемлекеттер ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізуге талпыныс жасаған болатын. Бірақ оған кейбір мүше елдер қолдау көрсетпеді. Ал Қазақстанның Саммитті өткізу жөніндегі бастамасына 55 мемлекет толығымен қолдау көрсетіп отыр. Онда қаралатын негізгі мәселелердің бірі - Азия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен Ауғанстан мәселесі болмақ. 1999 жылы Ыстамбұлда өткен Саммиттен кейін әлемде көптеген өзгерістер болды ғой. АҚШ-та 2001 жылы қыркүйекте болған лаңкестік әрекеттен кейін геосаяси жағдайларда бірқатар өзгерістер орын алды. Солтүстіктегі алып көршіміз Ресей де Орталық Азиядағы ықпалын күшейту үшін түрлі іс-әрекеттер жасап жатыр. Қытай да қазір аймаққа үлкен көңіл бөліп отыр. Сондықтан аймақтағы қауіпсіздік мәселесі бірінші кезекте тұр. Қырғызстандағы жағдай өте күрделі. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалықты пайдаланып, қырғызстандықтарға екіжақты қарым-қатынас негізінде көп көмек көрсетіп жатыр.

- Келешекте ЕҚЫҰ қызметінде қандай да бір құрылымдық өзгеріс болуы мүмкін бе?

- Қазақстан ЕҚЫҰ-ны реформалау туралы біраз ұсыныс айтты.Менің ойымша, бүгінгі таңда күн тәртібінде ондай мәселе жоқ. 35 жылдың ішінде белгілі бір деңгейде ұйымның құрылымдық жүйесі қалыптасты. Ол шама-шарқынша жұмыс істеп жатыр. Бұл жерде мәселе ұйымға мүше мемлекеттердің өзінде болып отыр. 56 мемлекеттің кез-келген мәселе бойынша көзқарасы үнемі бір жерден шығуы мүмкін емес. Сол себепті ұйым қызметіндегі негізгі 3 өлшемдегі жұмыстар кейбір мәселелер бойынша көбіне-көп саналы түрде тежеліп жүр. Мәселен, Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесі бойынша барлық елдің пікірі бір жерде тоғыспауы мүмкін. Оған қатысты АҚШ-тың, Еуроодақ пен ТМД мемлекеттерінің дербес көзқарастары бар. Ауғанстанда әскері бар елдердің кейбірі әскерін шығарғысы кеп отырса, енді біреулері керісінше оған әскерді еселей түсу керек дейді.

-ЕҚЫҰ ауқымы жағынан қазір еурпалық кеңістіктен шығып кетті. Осыған байланысты соңғы кездері оны еуразиялық ұйымға айналдыру жайы қозғалып жүр...

- Территоиялық жағынан ЕҚЫҰ шынында да еуразиялық ұйым боп тұр. Бұл мәселе менің ойымша, алдағы Саммите көтерілуі керек. Барлық елдің басшылары жиналған кезде принципті мәселелерді шешіп алу қажет. Қазір бұл бағытта да көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Саммитте Таулы Қарабақ мәселесіне байланысты көптен бері қырғый-қабақ боп жүрген Армения мен Әзірбайжан президенттерін кездестіру мәселесі көтеріліп отыр.

- ЕҚЫҰ-ның келешектегі төрағалары Қазақстанның белсенділігін жалғастырып кете ала ма?

- ЕҚЫҰ-ға келесі жылы Литва төраға болады. Ал белсенділік Саммитте қарастырылған мәселелер мен қабылданған нақты шешімдерге байланысты болмақ. Өзіне дейінгі төрағалардың бастамаларын жалғастыру Төраға мемлекеттің ұстанатын саясатына байланысты жүзеге асатын болады.

- ЕҚЫҰ-ға төрағалық жалпы Қазақстанға не берді деп ойлайсыз?

- Біріншіден, Қазақстан өзін қалыптасқан әлемдік қоғамдастыққа дербес мемлекет ретінде таныта алды. Ғаламдық мәселелерді шешуге атсалыса алатын, бірқатар күрделі мәселелерді шеше алатын және сол бағытта өзінің көзқарасын білдіре алатын мемлекет ретінде көрсете білді. Алғашқылардың бірі болып Азиядағы қауіпсіздік мәселесін көтеріп, өркениеттер арасындағы сұхбатты жолға қойып, әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезін ұйымдастырып, әлемді ядролық қарудан бас тартуға үндеп, үлгі көрсете алды. Екіншіден, өзіне жағымды инвестициялық ахуал қалыптастыра білді. Ішкі саяси тұрақтылығы бар ел ретінде танылып, әлемдік қоғамдастықпен қарым-қатынасқа құлшынысы бар мемлекет екенін көрсете білді. Үшіншіден, жай төраға боп қоймай аймақтық мәелелерді шешуге құлшыныс жасап жатыр. Ол жеміссіз емес.

- Қазақстан 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етеді. Осы ұйымның басшысы ретінде де белсенділік танытып, қалыптасқан ахуалға жаңа өзгерістер енгізе ала ма?

- Қазақстан ИКҰ төрағасы ретінде, осы кеңстікте қалыптасқан кейбір түйткілді мәселелерді шешуге үлесін қосуы керек. Әрине онда да бірқатар қиындықтар болары сөзсіз. Ислам конференнциясы ұйымының құрамы мен мүше мемлекеттердің жағдайы әртүрлі. Басым көпшілігі кедей мемлекеттер. Бұл жерде де қордаланып қалған мәселе өте көп. Біздің ел ол мәселелерді мүмкіндігінше басшылыққа алып, шешуге тырысады деп ойлаймын. Сонымен қатар исламдық қаржы жүйесін дамыту бағыты бойынша да бірқатар жұмыстар жасалуы мүмкін. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан бұл туралы алдын-ала бірдеңе айту қиын. Дегенмен үмітіміз өте зор.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!