Қазақстан ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерін 2010 жылдың жазында бейресми кездесуге шақырады - Қ. Саудабаев

А. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерін 2010 жылдың жазында бейресми кездесуге шақырады.

Бүгін елордада ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев елімізде тіркелген дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуі барысында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдағы маңызды міндеттердің бірі ретінде 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық пен оны өткізуге баса назар аударатын боламыз. Саммит жөніндегі нақты ұсынымдар Афиныда өткен СМИД құжаттарына енгізілді, кейіннен бұл Венада қолдау тапты. Ендігі мәселе саммиттің күн тәртібіне және оны өткізудің бәріне бірдей қолайлы мерзімін белгілеуге қатысты барлық әріптестермен келісім үдерісін жеделдетіп бастау болып отыр», деді Қ. Саудабаев.

Сонымен бірге, Мемлекеттік хатшы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде былтырғы төраға - Грекия елі салып кеткен игі дәстүрлер жалғасатынын атап өтті. «Осыған орай, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға қатысушы-мемлекеттер Сыртқы істер министрлерін 2010 жылдың жазында Алматы қаласында бейресми кездесуге шақырады», деді ол.