Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық полюстер мен мемлекеттер арасында күшейе түскен бәсекелестік — жаңа дәуірге қадам басқанымыздың айқын дәлелі.
«Бұрын елдің әл-ауқаты аумағының көлеміне және халқының санына байланысты болса, қазір технология мен адам капиталының сапасы алдыңғы қатарға шықты. Мысалы, ХІХ ғасырдың басында Жер шары халқының үштен біріне жуығы Қытайға тиесілі болған. Бұл елдің әлемдік экономикадағы үлесі де осы шамада еді. Алайда ХХІ ғасырдың басына қарай жағдай түбегейлі өзгерді. Дүниежүзі халқының 5 пайызы ғана тұратын АҚШ әлемдік ЖІӨ-нің 20 пайызын иеленді.
Бүгінде экономикалық бәсеке геосаяси күрестің кезекті кезеңіне ұласты. Осы орайда инновацияның маңызы арта түседі. Әлемдік дамудан шет қалмау үшін елімізді жан-жақты жаңғырту қарқынын үдету керек. Біз өркениеттің көшін қуып жететін емес, басып озатын модельді негізге алуымыз қажет. Әйтпесе, сағым қуып жүре береміз», — деді мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, қолда бар ресурстың бәрін және бәсекелестік жолындағы артықшылығымызды толықтай пайдалану маңызды. Жаһандық ғылыми-техникалық революция жағдайында ғалымдар мен білімпаздардың рөлі бірден артады. Алайда ең бай елдердің өзі барлық сала бойынша жоғары деңгейде зерттеу жүргізе алмайды.
«Табысқа жету үшін басым бағыттарды айқындап алып, ғылыми қауымдастықтың, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін жұмылдыру керек. Бұл ретте ғалымдарымыз кабинеттерінде тып-тыныш отырып, тек теориялық ізденістермен шектелмей, нақты іспен және қолданбалы зерттеулермен айналысуға тиіс», — деп атап өтті Президент.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы бізге экономикамыздың аса маңызды салалары үшін инновациялық жобалар мен ұтқыр шешімдер қажет екенін сөз етті.
«Ең алдымен, қоғамдағы барлық үдерістер мен салаларды одан әрі цифрландыруға назар аудару керек. Бұл орайда жас ғалымдардың, инженерлер мен кәсіпкерлердің әлеуетін біріктіру маңызды рөл атқарады. Білімге негізделген экономика жоғары технологиялық бизнес туралы пікірімізді түбегейлі өзгертті. Бүгінде орасан зор капитал немесе қызметкерлердің көптігі емес, бірегей идеяларды тудырып, оларды жүзеге асыра білу қабілеті басты артықшылық саналады. Ал ол жастардың, өзгерістерден қорықпайтын табанды әрі батыл адамдардың, соның ішінде ғалымдардың қолынан келеді. Әлемдегі Google, Microsoft, Apple сияқты көптеген технологиялық алпауыттардың негізін студенттер қалаған. Біздің елімізде де талантты командалар пайда болады және олар жаһандық нарықта көш бастайтын IT-компаниялар құрады деп сенемін», — деді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өз мүмкіндігімізді мүлт жібермей, әлемдік технологиялық бәсекедегі позициямызды нықтай түсу қажет. Қаржы технологиясы мен электронды үкімет салаларын дамытуда айтарлықтай ілгеріледік. Алайда мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс. Оған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мақсатқа жету үшін жасанды интеллектіні барлық салаға жылдам енгізу қажет. Қазір әлем экономикасындағы озық технологиялардың үлесі артып келеді. Сарапшылар оның көлемі 2030 жылға қарай 16 триллион долларға жетеді деп болжап отыр. Біз осы көштің басында болуымыз керек. Ол үшін жасанды интеллектіні дамытуға тезірек қолайлы жағдай жасағанымыз дұрыс. Бұл қадам экономиканы орнықты дамытуға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ еліміздің технологиялық тәуелсіздігін сақтауға ықпалын тигізеді.
«Қазір осы саланың инфрақұрылымын дамыту үшін нақты шаралар қолға алынды. Суперкомпьютер жасауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдармен қатар, ғылыми қауымдастық пен бизнес те оның игілігін көретін болады. Жасанды интеллектіні дамыту ісінде елдің кадрлық әлеуеті маңызды рөл атқарады. Сондықтан білікті мамандардың қатарын көбейту керек. Жоғары оқу орындары бұл жұмыспен мықтап айналысуы қажет. Бүгінде әлемнің жетекші университеттерінің білім беру үдерісінде практикаға басымдық беріледі және студенттердің жаңашылдыққа ұмтылып, стартаптар әзірлеуіне жағдай жасалған. Еліміздің оқу орындары осындай әдістен үлгі алуы керек деп ойлаймын. Машиналық үйретуді дамыту маңызды. Бұл сараптама жасау және мұқият пысықталған шаралар қабылдау үшін озық тәсілдерді игеруге ықпал етеді. Бірақ аталған технологияны кең көлемде енгізумен қатар мұқият зерделеуді және жауапкершілікті қажет ететін жаңа сын-қатерлер де пайда болады. Ең алдымен, жасанды интеллектіні дамыту, қолдану ісінде ашықтық пен этикаға сай болу мәселелеріне баса мән берген жөн», — деді президент.
Оның айтуынша, деректердің тарап кетуі өз алдына бөлек қауіп. Цифрландыру дәуірінде мәліметтер саф «алтынға» айналады. Сондықтан оларды толыққанды қорғау мәселесінің маңызы зор. Бүгіннен бастап киберқауіпсіздік саласында маман даярлап, озық зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.
«Жалпы қазір көз алдымызда әлемдік экономикада технологиялық тұрғыдан айтарлықтай өзгерістер орын алып жатыр. Ғаламдық деңгейде энергияның жаңартылатын және баламалы түрлерін көбірек пайдалануға негізделген қуат көзіне көшу қарқын алды», — деді президент.