Сарапшылар Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп, Қазақстанның балық экспорты мен импортына талдау жасады. Зерттеу барысында шетелге қандай балық түрлері жөнелтілетіні және Қазақстанға қандай өнімдер жеткізілінетіні анықталды.
Биылғы қаңтар-маусым айларында Қазақстан шетелге 12,9 мың тонна өңделген және консервіленген балық өнімдерін экспорттады. Оның құрамына балықпен қатар, шаянтәрізділер мен жұмсақденелілер (моллюска) де кіреді. Айта кетейік, балықтың қабығын аршып, ішек-қарны мен сүйектерінен арылтып, сүбе еті ғана қалғанда, ол өңделген өнім санатына жатқызылады. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда, биылғы экспорт көлемі айтарлықтай өскен, ал өткен жылдың қорытындысы бойынша балық өнімдерінің экспорты 11,1% азайған. Сарапшылардың айтуынша, экспорт көлемі 2023 жылдан бері төмендеп келеді. Осыған байланысты биылғы оң динамика жеткізу көлемі қайта өсе бастағанын көрсетуі мүмкін.
— Қазақстан балық өнімдерін қайта экспорттамай, шетелге тек елде ауланған балықты жөнелтеді деп есептесек, биылғы қаңтар-маусымда өңделген әрі консервіленген балық, шаянтәрізділер мен жұмсақденелілердің 42,4%-ы сыртқы нарыққа шығарылған. Бұл 30,4 мың тоннаға тең. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3% төмен», — деп жазылған мақалада.
Айта кету керек, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында экспорт көлемі артқанымен, өңделген және консервіленген балық, шаянтәрізділер мен жұмсақденелілердің ішкі нарықтағы сатылымы 16,9%-ға төмендеп, 45 100 тонна болды. Мамандардың айтуынша, бұл ішкі нарықтағы тұтыну көлемі азайып, экспортты ұлғайтуға басымдық берілгенін аңғартады.
Қазақстаннан негізінен мұздатылған тұщы су балығы мен оның сүбесі экспортталады. Мұны сыртқы экономикалық қызмет тауар номенклатурасының 10 таңбалы кодтары бойынша жүргізілген толық кедендік статистика көрсетеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мұздатылған балық ұшаларының экспорты 69,2% өсіп, 3,3 мың тоннадан 5,6 мың тоннаға жетті. Осылайша жалпы экспорт құны 2,2 есе өсті. Сарапшылар мұны өнімнің орташа бағасының қымбаттауымен немесе экспорт құрылымында бағасы жоғары тауарлардың үлесі артуымен байланыстырады.
— Есептерде нақты қандай балық түрлері сөз болғаны көрсетілмеген. Алайда билік өкілдері мен балық өсірушілер берген сараптамалық сұхбаттарға сүйенсек, Қазақстан тұқы, табан, көксерке және басқа да балық түрлерін экспорттайды. Соның ішінде көксерке сыртқы нарыққа көбіне сүбе түрінде шығарылады. Бұл — экспорттың экономикалық тұрғыдан тиімді бағыттарының бірі. Еуропа елдері үшін көксерке сүбесі қазірдің өзінде танымал қазақстандық брендке айналған, — делінген басылымда.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тұщы су балығы сүбесінің экспорты да оң динамика көрсетті, алайда өсім қарқыны салыстырмалы түрде төмен болды. Экспорттың көлемі 36,8% артып, 3,1 мың тоннадан 4,2 мың тоннаға жетті. Ақшалай есепте көрсеткіш 39,3% өсіп, 21,9 млн доллардан 30,5 млн долларға дейін жетті. Қазақстандық балық сүбесін негізінен Дания, Литва, Нидерланд және Польша сатып алады. Биыл бұл елдердің барлығы Қазақстаннан жеткізілетін өнім көлемін едәуір арттырған.
Қазақстандық қайта өңдеушілер экспортты арттыруға балық аулау көлемін ұлғайту арқылы қол жеткізген. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 49,6 мың тонна балық ауланды. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 10,1% көп. Жалпы ауланған балықтың шамамен үштен бірі — тұщы су табаны. Былтыр оның 16,8 мың тоннасы ауланып, бір жылда көлемі 20%-ға жуық өскен. Ал көксерке аулау көлемі керісінше төмендеді. 2025 жылы небәрі 4,8 мың тонна көксерке ауланып, көрсеткіш бір жылда 9,8%-ға азайды. Бұдан бөлек килька, торта, мөңке, кефаль, сазан, алабұға, шортан, жайын және ақмарқа секілді балық түрлерін аулау көлемі де артқан.
— Біз балық шаруашылығының маңызды бағыттарының бірі — аквамәдениеттің Қазақстанда қаншалықты белсенді дамып келе жатқанын көрсететін статистиканы арнайы бөліп қарастырдық. 2025 жылы ауланған және өсірілген тауарлы балықтың жалпы көлемі 13 300 тоннаға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 63,2% көп. Мұндай өсім негізінен негізгі балық түрлері бойынша аулау және өсіру көлемінің айтарлықтай артуына байланысты болды. Атап айтқанда, сазан көлемі 3,7 есе өсіп, 3 200 тоннаға жетті. Тұқы 86,9%-ға артып, 4 200 тоннаны құрады. Ал форель көлемі 23%-ға өсіп, 2 500 тоннаға жетті, — деп атап өтті сарапшылар.
Соңғы бірнеше жылда Қазақстандағы балық импортының көлемі құбылып отырды. 2021 жылы импорт көлемі өсіп, 2022 жылы төмендеді. Ал 2023 жылы қайта күрт артып, 70,4 мың тоннаға жетті. Одан кейін импорт көлемі біртіндеп төмендеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында импорт 27,6 мың тоннаны құрап, бір жылда 12,8% азайды. Сарапшылар мұны сыртқы жеткізілімдерге тәуелділіктің азайып келе жатқанымен байланыстырады.
Кедендік статистика экспортқа қарағанда импортқа қатысты толығырақ мәлімет береді. Деректер Қазақстанға қандай балық түрлері жиі жеткізілетінін көрсетеді. Негізінен, елімізде кездеспейтін балық түрлерінің импорты басым. Мысалы, алты айда Қазақстанға шамамен 4,6 мың тонна майшабақ әкелінді. Оның құны 7,7 млн доллар болды. Сондай-ақ 2,2 мың тонна скумбрия импортталып, оның құны 10,9 млн долларға жетті. Бағасы ең жоғары балық — қызыл балық. Биылғы қаңтар-маусымда ақсерке импорты 3,6 мың тоннаны құрап, оның құны 29 млн долларға жетті, — деп атап өтті сарапшылар.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстаннан ШЫҰ елдеріне жем-шөп экспортының 2,5 есе өскені хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина