Қазақстан халқының 4,4 миллионға жуығы 14-29 жас аралығындағы жастар - депутат Мейрам Бегентаев

АЛМАТЫ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың 26 пайызы немесе 4,4 миллионға жуығы 14-29 жас аралығындағы жастар. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаев бүгін Алматыда өтіп жатқан Халықтық қоныстану жөніндегі Азия парламентшілерінің жастар саясаты бойынша халықаралық конференциясында айтты.

«Қазіргі түсінікте мемлекеттік жастар саясаты - жастарды қолдауға арналған мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар жүйесі. Жастар саясатын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін Білім және ғылым министрлігінде Жастар ісі комитеті, ал аймақтарда басқармалар құрылды», - дейді М. Бегентаев. Мәжілісменнің айтуынша, Елбасының тапсырмасы бойынша Жастар саясаты жөніндегі кеңестерді аймақтарда әкімдер басқарады. Жоғары консультативтік-кеңес органы саналатын 49 мемлекеттік орган өкілдері кіретін ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесі өзінің жұмыс пішінін өзгертті. Министрлік басшыларының өңірлерде жастармен кездесу өткізу тәжірибесі қолға алынып, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарда жастар өкілдерін ұлғайту жайы қаралуда. Қазіргі таңда Мәслихаттарда жастардың 129 өкілі бар.

Мейрам Бегентаевтың сөзіне қарағанда: «1995 жылдан бері жастар саясаты саласындағы ынтымақтастық туралы 13 келісімге қол қойылды. Олар Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Беларусь, Украина, Иордан Хашимит Корольдігі, Грузия, Египет, Катар, Сауд Арабиясы Корольдігі, Германия және ТМД мүше-мемлекеттері келісімі. Қазақстан сондай-ақ, 28 елді біріктіретін «Ұлы Жібек Жолы» халықаралық жастар ұйымына да қатысады».