16:16, 20 Сәуір 2009
Қазақстан халық банкінің акциялары жыл басынан бері 40 пайызға өсті - Басқарма төрайымы
АЛМАТЫ. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан халық банкінің акциялары жыл басынан бері 40 пайызға өсті. Бұл туралы Банктің Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова бүгін Алматыда Халықаралық қаржылық есеп стандарттына сәйкес жасалған 2008 жылдың қаржылық қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазақстан халық банкі акцияларында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының үлесі 20,9 пайыз. Экономиканың нақты секторын тұрақтандыру бағдарламасы бойынша 2008 жылдың соңында жасалған екіжақты келісімшартқа биыл наурыз айында қол қойылды. Ал наурыздың 27-сінде «Самұрық-Қазына» қоры банк капиталына 27 миллиард теңгемен кірді. Банк сондай-ақ, ипотекалық заемдарды қайта қаржындыру бағдарламасы бойынша 24 миллиард теңге, «Даму» бағдарламасы бойынша 11,7 миллиард теңге және экономиканың нақты секторын қосымша қаржыландыруға 60 миллиард теңге алды. Өткен жұма күні банк акцияларының құны 3,2 доллар болды. Ол жыл басынан бері 40 пайызға өсіп отыр», дейді Үміт Шаяхметова. Басқарма төрайымының орынбасары Дәурен Қарабаевтың сөзіне қарағанда, бақылаушы акционерлерде және банкте 5 жылдың ішінде «Самұрық-Қазына» қорынан акцияны қайта сатып алу құқы бар. Егер олар бұл құқын осы мерзімнің ішінде пайдалана алмаса, оны «Самұрық-Қазына» қоры өз қалауы бойынша пайдалана алады.