ОРАЛ. 20 қараша. ҚазАқпарат - Оралдағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ғылыми-білім кешенінде бірінші курс студенттері үшін арнайы кеш өткізілді.
Онда университет құрылтайшысы, ҚР Инженерлік академиясы БҚО филиалының төрағасы, академик, облыстық мәслихаттың депутаты Ақсерік Әйтімов студенттердің қоғамдық өмірге белсене қатысуының маңызы зор екенін атап өтті. Соның бір жарқын мысалы, Астанада өткен «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезіне радиоэлектроника, телекоммуниуация және байланыс факультетінің 3-курс студенті Ақбала Байбозова делегат ретінде қатысты.
Биылғы жылы аталмыш кешенге 470 студент қабылданды. Олар қазіргі кезде «Жаңа оқу жылына - білім мен ғылым саласының жаңа технологиялары» деген ұранмен білім алуда.
-Бұл білім кешенінде сіздер үшін барлық жағдай жасалған. Білім нәрін себетін танымал ғалымдар мен білікті оқытушылар жұмыс жасайды.. «Жастар - біздің болашағымыз» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы үнемі сіздерге үлкен сенім артады. Біз сіздерге сенеміз. Олай болса, сол сенім биігінен көрінулеріңізге тілектеспін,-деді шараға қатысқан облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).