Қазақстан инвесторлар үшін қаншалықты тартымды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан шетелдік инвестиция тартуда Орталық Азиядағы көшбасшылық позициясын сақтап отыр. Дегенмен қазіргі жағдайда капиталды елге әкелу ғана емес, оны ұстап қалу да маңызды. Ол үшін инвестициялық орта, тиімді мемлекеттік саясат пен бизнестің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жағдай қажет. Бұл бағыттағы жетістіктер мен түйткілдерді Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге зерделеді.

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Инвестицияның бағыты өзгеріп жатыр

Алдымен статистиканы сөйлетсек. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 20,5 млрд долларды құрап, бір жылда 14,4 пайызға артқан. ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, қазір еліміз институционалдық ортаны күшейтуге басымдық беріп отыр.

Инвесторлар нарыққа қолжетімділікті емес, сондай-ақ институттардың сапасын, құқықтық қорғаныс деңгейін және экономиканың технологиялық трансформацияға дайындығын бағалайды. Қазір елімізде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр, – деді ол «Қазақстанға инвестиция тарту: халықаралық капитал үшін қолайлы мекен» атты сарапшылық дөңгелек үстелінде.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Оның сөзінше, елімізде капитал ағынының құрылымы өзгеріп жатыр. Қазір инвесторлардың қызығушылығы шикізат секторымен шектелмейді. Өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, цифрлық инфрақұрылым, байланыс пен қаржылық қызметтер салаларына сұраныс артып келеді.

Бұл үрдіс нақты көрсеткіштерден де байқалады. Былтыр өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция 47 пайызға өсіп, 4,4 млрд долларға жетті. Көлік және қоймалау саласына салынған инвестиция көлемі бес есе өсіп, 1 млрд долларды құрады. Ал ақпарат және байланыс саласына тартылған қаражат 2,4 есе артып, 1,4 млрд долларға жеткен.

Өткен жылы Қазақстанда 30 инвестициялық келісім мен 73 инвестициялық келісімшарт жасалған. Ал биылдың алғашқы айларында тағы 47 құжатқа қол қойылған.

Алайда инвестиция көлемінің өсуі барлық мәселе шешілді дегенді білдірмейді. Сарапшылардың пікірінше, ендігі басты міндет – инвестициялық ахуалдың сапасын жақсарту.

Жеке капиталға жол ашатын реформа қажет

Экономист Мұрат Темірхановтың пікірінше, Қазақстанның инвестициялық саясаты жаңа кезеңге қадам басты. Егер бұрын мемлекет негізгі қозғаушы күш болса, енді жеке капиталдың рөлін арттырудың кезеңі келді.

Фото: facebook.com/murat.temirkhanov

– Бүгінде жеке сектордың қатысуын күшейту, қаржыландырудың нарықтық құралдарын дамыту және коммерциялық инвестициялардың, оның ішінде банк секторы мен венчурлік капиталдың үлесін арттыру маңызды, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, ішкі нарығы шектеулі экономика үшін экспортқа бағытталған жобалардың маңызы зор.

Бұл пікірді экономист Расул Рысмамбетов те қолдайды. Оның айтуынша, инвестор үшін ең бастысы – жеке меншік құқығының қорғалуы.

– Егер мемлекет экономиканың барлық дерлік саласына қатысса, онда жеке инвесторларда нарыққа кіру мүмкіндігіне қатысты көптеген сұрақ туындайды. Халықаралық институттар Қазақстан экономикасындағы мемлекет үлесінің жоғары екеніне назар аударады. Артық бюрократияны қысқарту жөніндегі жарлық аясында бұл бағытта әлі де реформалар жүргізуге мүмкіндік бар, – деді Расул Рысмамбетов.

Сарапшының сөзінше, бизнес үшін ең маңыздысы – тұрақтылық.

Фото: Расул Рысмамбетовтің жеке мұрағатынан

– Бізде түсінікті әрі қабылданған салық жүйесі бар. Қазіргі кезде тым көп өзгеріс енгізудің қажеті жоқ. Адамдарға тұрақтылық керек. Кем дегенде бес жыл – бұл инвестициялық циклдің ең төменгі мерзімі. Осы уақыт ішінде ережелер түсінікті болуы тиіс, – деді ол.

Негізгі кедергілер қандай?

Инвесторларды алаңдататын мәселелердің бірі – әкімшілік тосқауылдар. Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Азамат Дүйсембековтің айтуынша, бизнес өкілдері әлі де келісімдерді ұзақ рәсімдеу, негізсіз тексерулер мен әртүрлі мемлекеттік органдардың бір-біріне қайшы талаптарына тап болады.

– Осындай жағдай жобалардың мерзіміне әсер етіп, инвестициялық климатқа деген сенімді әлсіретеді, – деді Азамат Дүйсембеков.

Оның айтуынша, мәселелерді шешудің негізгі құралдарының бірі – прокурорлық қадағалау. Қазір елде инвесторлардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай жүйесі қалыптасып келеді. Ол өтініш қабылданған сәттен бастап мәселе толық шешілгенге дейінгі кезеңді қамтиды.

Фото: Kazinform

Сондай-ақ мемлекеттік органдардың тексеру, айыппұл салу немесе сотқа жүгіну секілді шешімдеріне ерекше назар аударылып отыр.

Спикердің сөзінше, инвесторлардың өтініштерін талдау жүйелі проблемаларды анықтауға мүмкіндік береді. Соның негізінде әкімшілік тәжірибе мен заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленуде.

Қымбат қаржы инвестицияны тежей ме?

Инвестициялық белсенділікке әсер ететін тағы бір маңызды фактор – қаржыландыру құны. Расул Рысмамбетовтің айтуынша, жоғары базалық мөлшерлеме инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр.

Сауалнамаға қатысқандардың 78 пайызы қазіргі базалық мөлшерлеме деңгейі инвестиция тарту шараларының тиімділігін төмендететінін айтқан.

Коллаж: Kazinform

Оның сөзінше, несие ресурстары мен банк қызметтерінің қазіргі құнын ескерсек, жобаларды қаржыландыру құны шамамен 20 пайызға дейін жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда көптеген жобаның экономикалық тиімділігі төмендейді. Экономист мәселені шешу үшін Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді жұмысы қажеттігін айтады.

P.S. Сарапшылардың бағалауынша, алдағы кезеңде басты назар жаңа капитал көлеміне емес, инвесторлар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға аударылуы тиіс. Сонда ғана инвестиция экономиканың сапалы өсіміне негіз бола алады.