Қазақстан қандас студенттерге қандай жеңілдік ұсынады – шетелдегі қазақтарға нұсқаулық

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет шетелдегі қандастарға мектептен кейін де, жоғары оқудан кейін де білім алуға арналған жеңілдіктер ұсынады. Бүгінгі материалда осы туралы нұсқаулық ұсынамыз.

Коллаж: Kazinform/ ЖИ көмегімен жасалған

Шетелде туған қазақ жастарына Қазақстанда жоғары білім алу мүмкіндігін Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынады. Ал «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы осы жұмысты үйлестіруге атсалысады.

«Отандастар» қорының ресми мәліметі бойынша әлемнің 40-қа жуық елінде кемінде 3,5 млн қазақ бар. Оның 90%-ы өз атамекенінде тұрып жатқан қандастар. Қордың вице-президенті Әлібек Жұрқадам бейресми деректерде шетелдегі қазақтың саны 7 миллионға дейін баратынын айтқан еді.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында 2012 жылдан 2025 жылға дейін қандастарға арналған 4%-дық квота аясында 12 000-ға жуық қандас келіп білім алғаны айтылған. Ведомстводағылар қандастарға ұсынылған квота былтыр 80% ғана игерілгенін айтады. Ал «Отандастар» қорының Коммуникация және халықаралық ынтымақтастық департаментінің басқарушы директоры Дидар Болат 2025-2026 жылғы оқу жылында 4%-дық квота аясында қандастарға бөлінген гранттың 69,35%-ы игерілді деген мәлімет берді. Оның сөзінше, жалпы 2019-2025 жылдары 16 571 қандас (дайындық бөлімдерінде 7 982 қазақ, 4%-дық квота бойынша 7 749 қазақ, стипендиялық бағдарлама арқылы 840 қазақ) Қазақстанда жоғары білім алған.

 

Инографика Kazinform

Дидар Болат Ресей, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғыз Республикасында тұратын 12-17 жас аралығындағы қандастар арасында сауалнама жүргізгендерін айтады. Оған қатысқан 100 қандастың 77%-ы «Болашақта Қазақстанда оқығың келе ме?» деген сауалға «иә» деп, 20%-ы «жоқ» деп жауап берсе, 3%-ы нақты шешім қабылдамағанын көрсеткен. Ал «Шетелдегі этникалық қазақ балаларына арналған мемлекеттік квотамен Қазақстан университетінде тегін оқуға болатынын білесің бе?» деген сұраққа респонденттердің 52%-ы бейхабар екенін, 48%-ы ғана білетінін айтып жауап берген.

Жеке мурағатынан

- Бұл жағдай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әлсіздігін байқатып, гранттар мен квоталар жөніндегі мәліметтерді кеңінен тарату қажеттігін айғақтайды, - дейді «Отандастар» қорының өкілі.

Сонымен, Қазақстанда оқуға түсудің қандай жолдары бар?

Қазақстанда шетелдегі этникалық қазақтар үшін жоғары оқу орнына түсудің екі негізгі жолы бар.

Бірінші жол – мемлекеттік квота арқылы университетке түсу.

Заң бойынша Қазақстан азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдеріне жоғары білімге қабылдау кезінде 4% квота қарастырылған. Бұл мүмкіндік колледждер мен бакалавриат бағдарламаларына ғана қолданылады.

Екінші жол – университет жанындағы дайындық бөліміне (Foundation) түсу.

 

Инфографика Kazinform

Бұл бағыт Қазақстанның білім беру жүйесіне бейімделгісі келетін немесе бірден негізгі бағдарламаға түсуге дайын емес талапкерлерге арналған. Мұнда тілдік, академиялық дайындық пен ҰБТ-ға бейімделу жүреді.

Ал жоғары оқу орнын бітіріп қойғандар не істеу керек?

Қандастар Қазақстанда тек бакалавриат деңгейінде ғана емес, магистратура мен докторантура деңгейінде де білім алуға хақылы. Ол үшін мемлекеттен стипендиялық бағдарламалар қарастырылған. Басқаша айтсақ, қандас гранты магистратура мен докторантураға да жүреді.

Инфографика Kazinform

ҰБТ-дан қорқудың қажеті жоқ: қандастар үшін не өзгерді?

Қазақстанда оқығысы келетін көп қазақ жасының ойындағы ең үлкен күмәннің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі. Шетелде оқыған мектебінің оқу бағдарламасы басқа болғандықтан, ҰБТ сұрақтары таңсық болуы мүмкін. Бұрын бұл мәселе расымен кедергі болатын.

Қандас талапкерлер жалпы конкурсқа қатысып, барлық пәннен белгіленген межеден өтуге тиіс еді. Соның салдарынан көп грант толық игерілмей қалатын. Кей жағдайда талапкер негізгі пәндерді жақсы тапсырса да, Қазақстан тарихынан шекті ұпай жинай алмағандықтан конкурсқа өте алмайтын. Соңғы жылдары қабылдау тәртібі өзгерді.

Қазір қандас талапкерлер ҰБТ-дан жеңілдетілген форматпен өтеді:

  • оқу сауаттылығы;
  • таңдаған мамандыққа байланысты екі пән.

Тағы бір маңызды өзгеріс – бұрынғыдай әр пәннен міндетті шекті ұпай талабы қолданылмайды.

Инфографика Kazinform

Ал ҰБТ тапсыруға дайын емес қандасқа бірден университетке тапсырмай-ақ, жоғары оқу орнының жанындағы арнайы дайындық бөлімдеріне баруға болады. Мұны кей университеттер Foundation деп атайды. Қарапайымдап айтқанда, оқуға дайындайтын бір жылдық курс бар.

Мұнда:

  • қазақ тілін жетілдіруге
  • Қазақстандағы оқу жүйесіне үйренуге
  • ҰБТ форматын түсінуге
  • негізгі пәндерді қайталауға мүмкіндік беріледі.

Оқу әдетте күзде басталып, көктемнің соңына дейін жалғасады.

Көп университетте дайындық бөліміне қабылдау тест арқылы емес, әңгімелесу арқылы өтеді.

 

Инфографика Kazinform

Қай университеттер дайындық курсына қабылдайды?

Қазақстанда дайындық бөлімі ашылған университеттер елдің әр өңірінде бар, яғни орналасқан жеріне, оқытылатын мамандықтарға және өмір сүру жағдайына байланысты таңдауға болады.

Мысалы, Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Esil University дайындық бөлімін ашқан. Бұл бағыт елордадағы ортаға үйренгісі келетіндерге ыңғайлы.

Алматы – елдің қаржылық орталығы, ғылыми орта қалыптасқан мегаполис саналады. Мұнда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті дайындық курсына қабылдайды. Алматыда мамандық таңдау мүмкіндігі кең.

Түркістан мен Шымкентте:

  • Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
  • М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті
  • Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті.

Өзбекстаннан келетін жастардың көбі осы өңірге назар аударады.

Солтүстік пен шығыста – инженерия және жаңа орта:

  • Солтүстік Қазақстан университеті
  • Шығыс Қазақстан техникалық университеті
  • Торайғыров университеті
  • Қостанай, Көкшетау университеттері.

Бұл өңірлерде оқу құны мен күнделікті шығын кей жағдайда ірі қалаларға қарағанда жеңілірек болуы мүмкін.

Қандай құжат керек?

Қазақстанда университетке түсу үшін құжаттарды алдын ала жинай бастау керек.

Негізгі тізім әдетте мынадай:

  • оқуға қабылдау туралы өтініш
  • шетелдік паспорт
  • мектеп аттестаты немесе диплом
  • сол құжаттардың нотариус растаған аудармасы
  • ұлты қазақ екенін растайтын құжат
  • медициналық анықтама; (Қазақстанда берілген 075/у үлгісіндегі (QR коды бар) анықтама немесе тұрғылықты елінен алынған медициналық құжат).
  • 3х4 қалыпты, кемінде 4 дана фотосурет.

Ұлты қазақ екенін растайтын құжаттың нысаны әр елде әрқалай болуы мүмкін.

Мысалы:

  • Қытайда – жеке куәлік
  • Моңғолияда – арнайы анықтама
  • Өзбекстан, Ресей, Түрікменстанда – туу туралы куәлік
  • Иран мен Ауғанстанда – қандас мәртебесін растайтын құжат немесе арнайы мемлекеттік мекемеден берілген анықтама.

Құжат тапсырған кезде тұпнұсқаның аудармасында қате кетуі сияқты күтпеген жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан бұл істі соңғы аптаға қалдырмаған дұрыс.

Құжат қабылдау мерзімі көбіне 5 тамыздан 5 қыркүйекке дейін (қағаз күйінде де, онлайн да) жүреді. Соның ішінде ЖОО-да білім алуға арналған стипендиялық бағдарламаға құжаттарды қабылдау онлайн режимде 30 наурыздан 31 мамырға дейін мына сілтеме арқылы қабылданады:

Қандас Қазақстанға келгеннен кейін қайда тұрады?

Көп жағдайда қандас студенттер мен дайындық бөлімінде оқитын жастарға жатақханадан орын қарастырылады. Бірақ әр оқу орнының өз шарттары бар. Кей университет толық тегін береді, кей жерде жеңілдік қарастырылған.

Сондықтан құжат тапсыруға келген бойда университеттің қабылдау комиссиясынан бір сұрақты нақтылап алған дұрыс:

«Жатақхана беріле ме және бағасы қандай?»

Шәкіртақы кімдерге беріледі?

Дайындық бөлімінде оқитындарға ай сайын мемлекеттік шәкіртақы беріледі. Қазір оның көлемі - 41 мың теңге.

Ал грантпен оқуға түскен студенттер Қазақстан азаматтары сияқты жалпы тәртіппен шәкіртақы алады.

Бірақ бір нәрсені алдын ала ескерген дұрыс.

Көп университетте медициналық сақтандыру автоматты түрде рәсімделмейді. Оны бөлек қарастыру қажет болуы мүмкін.

Қазақстанға бейімделу қиын емес

Үйреншікті ортадан жаңа ортаға келгендіктен кез келген студент әуелде уақытының көбін құжат рәсімдеуге, қалаға үйренуге, жатақханаға орналасуға және жаңа ортаға бейімделуге жұмсайды.

Қазақстанның кей өңірлерінде арнайы бейімдеу орталықтары жұмыс істейді.

 

Инфографика Kazinform

Мұндай орталықтар:

  • уақытша тұруға
  • заң жағынан кеңес алуға
  • қазақ және (қажет етсе) орыс тілін үйренуге
  • жаңа ортаға үйренуге көмектеседі.

Қазір мұндай орталықтар Қарағандыда, Шымкентте және Түркістан облысында жұмыс істейді.

Қандастардың ағыны қай елден көп?

2024-2025 оқу жылында 1600-ден астам қандас студент грант иегері атанған. Олардың көбінің отаны:

  • Моңғолия
  • Өзбекстан
  • Қытай.
Инфографика Kazinform

Ең жиі таңдалатын бағыттар:

  • мұғалім даярлау
  • ақпараттық технология
  • медицина.

Ал ең көп таңдалатын университеттердің қатарында Еуразия ұлттық университеті, ҚазҰУ, М. Әуезов университет, ҚазҰПУ және Қарағанды университеті бар.

Инфографика Kazinform