Қазақстан кәсіпкерлері POS-терминалдарды міндетті енгізуді 2014 жылға қалдыруды сұрап отыр

АЛМАТЫ. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлер мен банктер POS-терминалдар орнатуға дайын емес.

Бұл туралы ҚР Кәсіпкерлерінің тәуелсіз қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Сауда және өзге де қызмет көрсету орындарында POS-терминалдар орнату туралы Үкімет қаулысы 2004 жылдың желтоқсан айында қабылданып, оны іске асыру мерзімі 2013 жыл деп жарияланған болатын. Тимур Назхановтың айтуынша, арада 8 жылдан астам уақыт өтсе де оған кәсіпкерлер, банктер және бұл шешімді шығарған мемлекеттік органдардың өздері әлі дайын емес. Мәселен, «ЦентКредит банкі» кәсіпкер POS-терминалды алғаннан кейінгі үш айда ешбір операция жасамаса, оны кері қайтарып алатындығын айтқан. «Қазкоммерцбанк» болса бұл жабдықты мүлдем орната алмайтынын, себебі, оларда мұндай POS-терминалдар жоқ екенін жеткізген.

«Елімізде кәсіпорындардың және оларға қажетті құрал-жабдықтардың саны және оны кәсіпкерлер қайдан, қалай сатып алатыны анықталмауда. Оған зерттеу жүргізу керек. Егер кәсіпкер POS-терминалды сатып алса, банктердің әрбір операциядан алатын алымы 1-5 пайыз көлемінде болмақ. Сондықтан кәсіпкерлер тауар мен қызмет ақысын көтеруге мәжбүр болады. Біздің ұсынысымыз POS-терминалдарды орнатуды 2014 жылға қалдыру қажет», - дейді Т.Назханов.