Осы орайда Италияның Азия институтының сарапшысы, халықаралық қатынастар жөніндегі маман Доменико Пальмиери Қазақстан мен Қатар ынтымақтастығының геосаясаттағы маңызы, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының рөлі туралы пікір білдірді.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қатар арасындағы саяси диалогке жоғары баға берді. Еуразия мен Таяу Шығыстың геосаяси кеңістігінде қос елдің маңызы артып келе жатқанын қалай бағалайсыз?
— Бүгінде Қазақстан-Қатар әріптестігінің ауқымы кеңейді. Ең алдымен, бұл ынтымақтастық Орталық Азия мен Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесі арасындағы стратегиялық көпірге айналғанын айтуымыз керек. Екі ел Еуразия мен Таяу Шығысты байланыстыратын маңызды геосаяси дәліз қалыптастырып, стратегиялық дербестікті нығайтуда.
Қатарда сұйытылған табиғи газ саласындағы мол тәжірибе мен қаржылық әлеует бар. Ал Қазақстанда минералдық-шикізат қоры және аграрлық секторда мүмкіндік мол. Екіжақты әріптестік осы бағыттарды бірлесе игеруге жол ашпақ.
— Кездесу барысында Президент Тоқаев пен Қатар Әмірі кездесу барысында халықаралық жағдайды, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуалды да талқылады. Қазақстан мен Қатар сияқты орта державалардың диалогы бүгінгі таңда қаншалықты маңызды?
— Қазіргі жағдайда мұндай елдердің рөлі өте маңызды. Әлемдегі ірі державалар арасындағы бәсеке күшейген шақта Қазақстан мен Қатар тұрақтылықты сақтауға үлес қоса алады.
Бұл елдер ешқандай үстемдікке ұмтылмайтындықтан, халықаралық қауымдастық оларды бейтарап әрі сенімді серіктес ретінде қабылдайды. Сондықтан олар қақтығыстарды реттеу мен келіссөздер жүргізуде маңызды рөл атқара алады.
Сонымен қатар орта державалардың өзара диалогы халықаралық құқықты нығайтуға және жаһандық басқару жүйесін жетілдіруге көмек беретіні анық.
— Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат арқылы Еуропалық одақ, АҚШ, Қытай, Түркия, Парсы шығанағы елдерімен қарым-қатынасты дамытып отыр. Мұндай дипломатиялық стратегия елдің халықаралық беделіне қалай әсер етеді?
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған көпвекторлы сыртқы саясат Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен ықпалын едәуір күшейтті.
Біріншіден, сыртқы саяси байланысты әртараптандыру қандай да бір көрші мемлекетке немесе жаһандық ықпал орталығына шамадан тыс тәуелді болуға жол бермейді.
Екіншіден, Еуропалық одақ, АҚШ, Қытай, Түркия және Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастықты дамыту шетелдік инвестицияларды жақындатады. Бұл өз кезегінде ұлттық экономиканың тұрақтылығын айтарлықтай арттыратыны белгілі.
Нәтижесінде Қазақстан біртіндеп Еуразиядағы маңызды дипломатиялық әрі логистикалық орталыққа айналып келеді. Ал әлемдік державалар Қазақстанда сенімді серіктес ретінде жоғары бағалайды.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатында диалогқа, бітімгерлікке және көпжақты ынтымақтастыққа ерекше мән береді. Бұл ұстаным халықаралық жағдаймен қаншалықты ұштасады?
— Бұл — әлемдегі ең дұрыс әрі тиімді ұстанымның бірі. Президент Тоқаевтың көпжақты ынтымақтастыққа басымдық беруі құбылмалы кезеңде өте өзекті.
Қазақстан халықаралық дауларды талқылауға арналған бейтарап алаң ұсына алатынын бірнеше рет дәлелдеді. Соның ең жарқын мысалы — Сирия бойынша өткен Астана процесі. Мұндай саясат БҰҰ-ның қағидаттарына толық сәйкес келеді және алпауыт мемлекеттердің байланысы қиындаған кезде де диалогты жалғастыруға мүмкіндік береді.
— Соңғы жылдары Қатар халықаралық дипломатиядағы ықпалын күшейтіп келеді. Ал Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші орта державаның бірі ретінде позициясын нығайтып жатыр. Астана мен Доха арасындағы ынтымақтастық Еуразия мен Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа ықпал ете ала ма?
— Әрине, бұл ынтымақтастықтың әлеуеті өте жоғары. Қатардың Таяу Шығыстағы дипломатиялық байланысы мен Қазақстанның Еуразиядағы беделі бірін-бірі толықтырады. Соның нәтижесінде өңірлік тұрақтылықты нығайтуға, ықтимал қақтығыстың алдын алуға мүмкіндік бар.
Екі ел халықаралық көлік және энергетикалық бағыттардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де үлес қоса алады. Сонымен бірге Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) секілді халықаралық ұйымдардың жұмысын жандандыра алады.
— Қазақстан мен Қатар экономиканы әртараптандыруға, цифрлық трансформацияға, логистика мен халықаралық көлік байланыстарын дамытуға белсенді инвестиция салып келеді. Алдағы онжылдықта қай бағыт стратегиялық әлеуетке ие?
— Ең алдымен, Орта дәлізді дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Қатардың логистика саласындағы тәжірибесі мен Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін біріктіру Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын әлдеқайда тиімді етері сөзсіз.
Екінші маңызды бағыт — ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі. Қазақстанның мүмкіндігі мол, сондықтан Парсы шығанағы елдерін сапалы ауыл шаруашылығы өнімімен қамтамасыз ететін сенімді серіктес бола алады.
Сондай-ақ цифрлық экономика мен қаржылық технология саласындағы әріптестіктің де болашағы зор. «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қатар қаржы орталығы бірлесіп жұмыс істесе, «жасыл» облигациялар нарығын дамытуға, цифрлық банкингті жетілдіруге және жаңа қаржы құралдарын енгізуге болар еді.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Сапардың маңызы қандай және одан қандай нақты нәтиже күтуге болады?
— Мұндай мемлекеттік сапар Қазақстан мен Қатар арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруі мүмкін. Тараптар стратегиялық әріптестік туралы ауқымды келісімге қол қоюы ықтимал.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Qatar Investment Authority миллиардтаған долларлық бірлескен жобаларды іске асыруы ғажап емес. Сондай-ақ тікелей әуе рейсін көбейту, визалық режимді жеңілдету, мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту секілді нақты нәтиже болады.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрі болып қызмет атқарған кезден бастап Қазақстан-Қатар қарым-қатынасын дамытуға атсалысып келеді. Ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті қалыптастыруда тұрақты дипломатиялық саясаттың маңызы бар ма?
— Мұндай сабақтастықтың маңызы өте зор. Президент Тоқаевтың Қазақстан мен Қатар арасындағы байланысты дамытуға көп жылдан бері мән беруі екі елдің тұрақты әрі жүйелі дамуына негіз болды. Жылдар бойы қалыптасқан сенім күрделі саяси-экономикалық мәселелерді әлдеқайда жылдам шешуге жағдай жасап отыр.
Бұдан бөлек, мұндай тұрақты байланыс халықаралық инвесторлар үшін де жақсы белгі. Яғни, мемлекеттің сенімді екенін көрсетіп, ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға тәуекел етеді.