"Достық" темір жол бекеті жүк тиеуде өзінің алғашқы миллион тоннасына 4 жылдан кейін ғана қол жеткізген болатын. Біз бұл межені биыл 1 қыркүйекте бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде бағындырдық. Тиелген жүктің көлемі бүгінгі таңда тәулігіне 217 контейнерді құрауда. Ондағы ең жоғарғы тәуліктік көрсеткіш 350 контейнер болды. Мен "Достық" бекетін Қазақстанның Қытаймен арадағы жүк тасымалында оң қолы, ал "Алтынкөлді" сол қолы деп санаймын. Қазір Қазақстан онда қос қолымен бірдей жұмыс жасауда", - дейді В.Миронов.
Бұған дейін "Достық" темір жол бекетін басқарған ол онда жинақталған тәжірибесін енді "Алтынкөлде" толық жүзеге асыруға жұмсамақ. Ол "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының Қазақстан аумағындағы бөлігіне жақын орналасқан. Орталықты бұдан ары қарай дамытуда арнайы экономикалық аймақ - халықаралық маңызы зор "құрғақ жүк айлағы" бар "Қорғас-Шығыс қақпасының" болашағына зор сеніммен қарайтын В.Мироновтың сөзіне қарағанда бүгінгі таңда әлемде мұндай 56 "құрғақ жүк айлағы" бар. Мәселен ешқандай табиғи қазба байлықтары жоқ Сингапур көліктік логистикалық орталық құру арқылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің көлемі бойынша дүниежүзінде 2-3 орында келе жатыр. Ал БАӘ-дегі Дубайдағы "құрғақ жүк айлағы" қаланың жалпы ішкі өнімінің 55 пайызын береді. Олар да Қазақстанның аймақта ірі көліктік логистикалық орталық құрып жатқанын естіп, арнайы келіп бәрін өз көзімен көріп, жобамен танысқан соң болашақта бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін жеткізген. Тіпті арабтар бұл жобаны жасауға да қатысқан екен.