Қазақстан көліктік-логистикалық желі құруға баса назар аударады - апталық шолу

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың соңына дейін елімізде ұлттық темір жол жүк тасымалын және инфрақұрылымдық қызмет көрсететін компаниялар құру жұмысы толығымен аяқталуы тиіс. Мұны осы апта ішінде өткен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының 2012 жылғы жұмыс нәтижелері мен биылғы межелеріне арналған алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Серік Ахметов аталған компания басшысы Асқар Маминге шегелей айтты.

Жалпы алқалы жиын барысында түйгеніміз, ел экономикасының күре тамырына айналып, Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғастырып жатқан темір жол саласының өткен жылғы нәтижелері жаман емес. Мұны Премьер-Министр де атап өте келе: «Әдетте жыл басында өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланады. Сол себепті біз «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының 2012 жылдағы қызметін талқылап отырмыз. Бірден айтып өтейін, жұмыстың нәтижесі айтарлықтай жақсы. Елбасының тапсырмалары орындалып жатыр. Компания тарапынан жоспарланған барлық негізгі көрсеткіштер орындалды», - деген еді.

Расында да компания басшысы А.Маминнің айтуына қарағанда, өткен жылы жүк айналымы 2012 жылы 235,7 млрд. тонна-шақырым деңгейінде атқарылды. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға жоғары. Жолаушылар айналымы 16,7 млрд. жолаушы-шақырымды құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 14 пайызға артты. Таза пайда 2008 жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 116,7 млрд. теңгені құрады. Әр адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 5,3 млн. теңге көлемінде қалыптасып, 2011 жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға жоғары болды. Өткен жылы капитал салымдары 499 млрд 515 млн. теңге көлемінде қалыптасып, 2011 жылмен салыстырғанда 1,3 есеге өсті. Сондай-ақ бюджет жүз пайызға игерілді. Компанияның ұзақ мерзімдік стратегиясына орай өндіріске жаңа технологиялар енгізіліп, активі жаңғыртылуда. Сонымен қатар тозығы жеткен қоры отандық өндірістегі жоғары технологиялық өнімдермен толықтырылуда. Мәселен, 2008-2012 жылдары аралығында 797 локомотив жаңартылып, 31 884 жүк, 649 жолаушылар вагоны сатып алынды, 2742 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, жаңғыртылды. Өткен жылы шығарылған машина жасау саласының өнім көлемі 155 млрд. теңгеге жетті. 2015 жылға қарай бұл көрсеткішті 300 млрд. теңгеге жеткізу көзделуде. Міне осы жайттарды тізіп шыққан компания басшысы: «Қысқа мерзімде Қазақстанда өндірістің қосымша құны мен еңбек өнімділігі жоғары мол көлемде өнім шығаратын жаңа темір жол машинасын жасау саласы құрылды», - деді.

А.Мамин компанияның айтуға тұрарлық жетістіктерін ғана тізіп шықпай, жол берілген кемшіліктерді де көрсетіп, жұмыстарында немқұрайлы қараған бірқатар басшылардың тәртіптік жазаға тартылғандығын да атап өтті. Осыдан кейін биылғы жылы темір жол саласында атқарылар іргелі істерге тоқталған оның сөзіне қарағанда, компания орта әрі ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарға сай жүк айналымын 236,7 млрд. тонна-шақырым, жолаушылар айналымын кемінде 16 млрд. жолаушы-шақырым, барлық деңгейдегі кірістерді 922,6 млрд. теңге, таза табысты кемінде 125,2 млрд. теңге көлемінде қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар инвестициялық бағдарламаны жүзге асыру аясында жалпы 410 млрд. теңгені құрайтын сомаға 126 локомотивті, 4172 жүк вагоны мен 258 жолаушылар вагонын жаңартып, 726 шақырым темір жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қаперге ұстауда.

Айта кетерлігі, компания Дүниежүзілік банктің логистикалық даму индексінде 2020 жылға дейін 46 сатыға жоғарылап 40-шы орынға көтерілуге талпынбақ. Бұл жайында А.Мамин: «Дүниежүзілік банктің логистиканы дамыту индексінің мақсатты мән-мағанасын ескере отырып, біз өзіміздің алдымызға 155 елдің ішінде 2020 жылы 40-шы орынға көтерілуді мақсат етіп қойдық. Ол үшін бізге орта мерзімді кезеңде, яғни 2015 жылға қарай рейтингтегі 86-шы орыннан 50-шіге көтерілуді қамтамасыз ету қажет», - деді.

Осыдан кейін «Қазақстан темір жолына» қарасты бірқатар компанияның басшысы сөз алып, өз жетістіктерін жан-жақты тарқата айтып берді. Мәселен, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның президенті Ақболат Жағыпаровтың айтуынша, өткен жылы жөнелтілген жолаушылар саны 17,4 млн. адамға жеткен. Бұл көрсеткіш бұрнағы жылға қарағанда 17,14 пайызға көп. Қаржы нәтижесі де орнықты болып, 8,7 млрд. теңгені құраған әрі 2011 жылмен салыстырғанда 2,3 млрд. теңгеге немесе 35,3 пайызға артық. «Есепті жұмыс кезеңі барысында ешқандай ақаулыққа жол берілген жоқ. Сонымен қатар жолаушылар пойыздарының кешігуі 2011 жылмен салыстырғанда 22 пайызға азайды», - деді А.Жағыпаров.

Ал «Локомотив» АҚ-ның президенті Марат Медеубаевтың сөзіне қарағанда, компанияның өткен жылғы жұмысының қорытындысында 21 млрд. 749 млн. теңге таза табыс кірген. Бұл жоспардан 243 млн. теңгеге артық. Сонымен қатар қоғамның кірісі де өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға артып, 276 млрд. теңгені құраған. Кірістілік көрсеткішінің жақсаруы өткен жылы тасымалдау көлемінің 7 пайызға өсуімен және 2012 жылдың 1 сәуірінде тарифтердің көтерілуімен байланысты болып отыр. Жалпы 2012 жылы жаңа локомотивтер сатып алуға бөлінген қаражат 100 пайызға игерілген. 70 магистральды және 64 маневрлік тепловоз сатып алынған.

Жиын соңында сөз алған Үкімет басшысы А.Маминнің назарын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы еліміздің басты көлік компаниясы ретінде жолаушылар тасымалы сервисі мен тасымалдау қызметі сапасын жақсарту бағытында тұрақты жұмыс істеуі қажеттігіне, саланың шикізаттық моделі аясында жолаушылар тасымалын субсидиялау мен реттелетін секторын инфрақұрылым қызметіне дейін қысқарту мәселесін реттеу керектігіне, саланы дамыту үшін мемлекеттік-жеке серіктестік ұстанымдарын пайдалану мүмкіншіліктерін қарастыруға аудартты. Рентабельділігі мен өтімділік мерзімі тартымды жобалар «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясымен жеке, сонымен қатар жеке инвесторларды тарту арқылы да жүзеге асырылуы керектігін де баса айтты. «Өтімділік мерзімі ұзақ әрі рентабельділігі төмен, бірақ стратегиялық маңызы бар жобаларды тепе-теңдік негізде мемлекеттің қатысуымен қарастырып көруге болады. Сонымен қатар инфрақұрылым нысандарын жүзеге асыруға зейнетақы қорларын тартудың мақсаттылығы қарастырылуы мүмкін», - деді Премьер-Министр.

С.Ахметов елішілік, сондай-ақ шетелдегі көліктік-логистикалық орталықтар желісін құру бойынша кешенді жоспар әзірлеу қажеттігіне, сыртқы нарықтарға одан әрі шығу үшін ел ішінде ғана емес, сонымен бірге шетелдерде де терминалды-сервистік инфрақұрылымдарды дамыту керектігіне де ерекше назар аударып өтті. Бұл ретте Үкімет басшысы «неліктен?» деген сауалдың да нақты жауабын бере келе: «Өйткені біз теңізге ашық шығу мүмкіншілігі жоқ елміз. Сондықтан да біздерге сервистік, заманауи инфрақұрылым қажет. Бізге оны дамыту керек», - деді.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің атап өтуінше, шекара маңындағы көліктік-логистикалық орталықтар желісін дамыту да барынша өзекті болып табылады. Бұл ретте шығыс қақпа болып саналатын «Қорғас» пен «Достық», батыс қақпа есептелетін Ақтау теңіз айлағының зор маңызы бар. Көліктік-логистикалық қызметтер спектрлары бойынша Қазақстан әріптестерімен нақты әрі үйлескен жұмыстар жүргізу маңыздылығына да ерекше тоқталған С.Ахметов: «Толықтай алғанда, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында Ресей және Беларусь темір жолдарымен бірлескен жұмыстар жағдайында қандай мәселелердің туындайтындығын түсіну қажет», - деді.

Үкімет басшысының пайымынша, Бірыңғай экономикалық кеңістік Қазақстанға одан әрі ықпалдасуға, экспорттық әлеуетін арттыруға, сонымен қатар транзиттік әлеуетін еселей түсуге мол мүмкіншілік ашады. Дегенмен де Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жағдайында әрине, компания алдында, мемлекет алдында, елдің экономикасы алдында сын-қатерлер болады әрі бұған дайын болу керек.

Семейде Кәсіпкерлерді қолдау орталығы құрылмақ

Бүгін Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Семей қаласындағы, «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының 1- Жылу-энергетикалық орталығында, тауарлы бетон шығарумен айналысатын «Азия» фирмасы» ЖШС кәсіпорнында болып, олардың тыныс-тіршілігімен етене жақын танысты. Сондай-ақ

Үкімет басшысы сапар барысында Семей кәсіпкерлерімен кездесіп, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелерін талқыға салды. Кеңеске орталық және жергілікті атқарушы органдардың, бизнес-қауымдастықтардың басшылары қатысты. ШҚО әкімі Б.Сапарбаев, «Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндама жасады. Өз сөзінде А.Мырзахметов Семейде «Атамекен» одағы» палатасының филиалы ашылатынын хабарлады. «Өздеріңіз білесіздер, 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында Елбасы Қазақстанды әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосу туралы міндет қойды. Қуатты және бәсекеге қабілетті бизнеске қолдау көрсеткен жағдайда ғана, ондай жетістікке қол жеткізе аламыз. Бизнес - көшбасшы елдер экономикаларының негізгі тірегі болып табылады», - деп Премьер-Министр.

С.Ахметов кәсіпкерлерге арнаған сөзінде, оларды бизнес-ортаны белсендірек дамытуға шақырды. «Біздің кездесуіміз Семейде кездейсоқ өтіп отырған жоқ. Сіздердің қалаларыңызда қуатты қала құрушы кәсіпорын жоқ, сондықтан да қаланың тіршілігінде шағын мен орта бизнес маңызды роль атқарады. Семейді дамытуға Елбасы тарапынан үлкен назар бөлініп отыр. Ағымдағы жылы қаланың дамуына 16,6 млрд. теңге бөлінеді. Дәл осындай қалалар тиімді және салауатты бизнес-ортаның үлгісіне айналуы тиіс», деп түйіндеді өз сөзін Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол облыс әкіміне ағымдағы жылы Семей қаласында Кәсіпкерлерді қолдау орталығы пен Инвесторларға қызмет көрсету орталығын құру туралы тапсырма берді.