Қазақстан қор биржасы IPO бағдарламасына техникалық және ақпараттық әзірлік жүргізуде

АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан қор биржасы «Халықтық IPO» бағдарламасына техникалық және ақпараттық әзірлік жүргізуде, деп хабарлады биржа вице-президенті Андрей Цалюк pm.kz сайтына берген сұхбатында.

«Біздің биржа аталған бағдарлама іске асырылатын алаң ретінде таңдалып отыр және біз оған техникалық тұрғыдан дайындалып жатырмыз. Қазір брокерлерден өтінімдер қабылдауға мүмкіндік беретін арнайы жазылу модулі жасалуда, ал брокерлер халықтан өтініштер қабылдауда. Оларды қажет алгоритм бойынша Орталық депозитариймен бірлесіп жедел өңдеу және сатушыларға акцияларды беру қажет (ред -эмитент-компанияларға)», - деді А.Цалюк.

Қазіргі уақытта техникалық кешенді әзірлеу жұмыстары аяқталып, сынақтан өткізілуде. «Біз айдан кейін брокерлермен жаттығу жүргізуді жоспарлап отырмыз», - дейді ол.

Айта кету керек, Қазақстан қор биржасының базасында листингілік компаниялар туралы, яғни құнды қағаздары биржаның айналымына жіберілетін компаниялар туралы ақпараттарды таныстыратын ақпараттық инфрақұрылым құрылып отыр.

www.kase.kz сайтында сондай-ақ IPO бағдарламасына арналған арнайы парақша бар, онда клиенттер үшін ақпараттық мәліметтер орналастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, «Халықтық IPO» бағдарламасы Қазақстан азаматтарына ірі ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алып, пайда көруге және олардың дамуына қатысуға мүмкіндік береді.

Ең алғашқы акциялар 2012 жылдың қыркүйегінде нарыққа шығарылады. Ол «ҚазТрансОйл» ұлттық мұнай операторының активтері болады. Келесі жылдары «KEGOC», «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазтеңізкөлікфлоты», «Air Astana», «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз» және «Қазатомөнеркәсіп» компанияларының акциялары KASE-де сатылымға шығарылатын болады. Алғашқы орналастыру акциялардың миноритарлық пакеттерімен жүзеге асырылады, жалпы үлесі 15 пайыздан аспайды.