ҚР Туризм және спорт министрлігінен хабарлағандай, қазақ-қырғыз шекарасы арқылы Ыстықкөл курорттық аймағына қарай бет алған туристік топтардың дені «Қарасу» өткізу бекеті арқылы өтеді. Бұл учаскемен күнделікті сағат 23.00-ден таңертеңгі 5-ке дейін бір бағытта орта есеппен 40-қа жуық автобус өтетін көрінеді. Осы орайда, екі ел шекарасында орналасқан «Ауқатты» және «Сартөбе» өткізу бекеттерінде кеден терминалдары пайдалануға енгізілді.
«Қарасу» өткізу бекетінде адамдар мен көліктердің жиналуын болдырмау үшін, Ыстықкөл көліне қарай Мемлекеттік шекарадан - «Ауқатты», «Сартөбе» (екі бағытты) және «Қордай» (көп бағытты) өткізу бекеттері арқылы өтуге болатыны туралы туристік компанияларды хабардар етеміз»,- делінген хабарламада.
Министрліктен мәлім еткендей, қосымша қызметтер жүктелген бекеттердің техникалық жарақтандырылуы «Қарасу» бекетіне қарағанда әлдеқайда жақсы.