***
«Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбаймен арадағы сұхбат «Жетелі «жеті жұртқа» жетеді» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің саналуан сауалына тұшымды жауап берген ол: «Сонау қадым ғасырдағы Дарий патшаның Құдыстағы қасиетті асыл тас пен құдайы аса таяқты Бабыл империясының қазына сарайына алып келгенінен басталған «үрдіс» Александриядағы миллиондаған жәдігерлер мен жазбалардың музеумға жинақталуына, үндістер мен перғауындар өркениетінің ғажайып ескерткіштерінің тоналуы мен қолды болуына жалғасты. Мұндай талан-тараждан біздің даламыз да айтарлықтай зардап шекті. Атақты «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кешенінің ескерткіштері мен алтын құймалары Ресей империясы мұрағаттарының еншісіне айналды. Өзгені былай қойғанда, есепке тіркелген 42 мыңнан астам дала жазба ескерткіштерінің 40 мыңға жуығы өзінің табиғи әрі тарихи Отанынан жырақта: Германия, Франция, Ресей, Англия мемлекеттерінде қалып отыр», - дейді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауындағы басым бағыттардың бірі - пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген экономикалық прагматизм. Отандық экономиканың дамуына сүбелі үлес қосып отырған қазақстандық компаниялар өз шешімдерін түгелдей экономикалық мақсаттылық және ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысында қабылдауы қажет. Еліміздегі ірі отандық мұнай компаниясы - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ басшысы Абат Нұрсейітов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында осы тақырыпта әңгіме өрбітеді. Екеуара әңгіме «Жаңғырту жұмыстары жан-жақты жүргізілуде» деген тақырыппен берілген.
***
«Соңғы жылдары мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыру бірнеше есеге өскенімен, олардың халық арасында танымалдығы артпай отыр. Мемлекеттік БАҚ-қа халықтың сенімі де селқос. Сондықтан Қазақстанның медиакеңістігі тұтастай жаңғырудан өтеді. Бұл жөнінде кеше Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кеңесте айтылды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қазақстан медиакеңістігі «күрделі жөндеуден» өтеді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Мемлекеттік хатшы мемлекеттік тапсырыс аясында кейбiр арналарда нөлдiк рейтингіге ие бағдарламалар көрсетiлiп жатқанын сынға алып, мұны салық төлеушiлердiң қаржысын бей-берекет жұмсау деп бағалапты.
Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, 4 ақпанда Иран өкілдері мен Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия сынды Иран ядролық бағдарламасы бойынша алты ел осы жылдың 26 ақпанында Қазақстанда (Алматы) келіссөздер өткізу туралы шешім қабылдаған. Атап өту керек, Қазақстан бұған дейін ірі деңгейдегі осы күнге дейін Азия деңгейінде халықаралық келіссөздерді жүргізген. 2002 жылы Алматыда Азия кеңесі кезінде бір-бірімен мәмілеге келе алмай жүрген Пәкістан мен Үндістан басшыларын бір келіссөздер алаңында бас қостырды. 2002 жылдан бері екі ел арасында саяси қақтығыстар болған жоқ. Одан беріде ЕҚЫҰ, ИКҰ тәрізді халықаралық ұйымдарға басшылық етті. Бұған дейін 2012 жылы Иранның ядролық бағдарламасы Түркияда, Ирак пен Ресейде өткен еді. Осы жылы Иран кезекті раундты Египетте өткізуге ұсынғанымен, алтылық оны қабылдамай тастады. Иран мен Египет арасында міне, 33 жыл ешқандай дипломатиялық қарым-қатынас жоқ. Иран тарапы Швеция, Швейцария және Түрікменстанды келіссөздер жүргізу мемлекеттері ретінде ұсынған еді. Келіссөздердің келесі раунды өтетін жер деп Қазақстан белгіленді. «Таңдау неге Алматыға түсті?» деген сауалға «Айқын» газетінде саясаттанушылар жауап беруге тырысқан.
***
Еңбекақы мәселесінде неге елпеңдеп келеміз? Дәлірек айтсақ, елімізде қай салада болмасын отандық мамандар шетелдік әріптестерінен екі-үш, тіпті он есе кем жалақы алып жатқанына қаншама жылдың жүзі болды. Ал істейтін ісі бір, жұсайтын уақыты да бір. Осыған қаншама жылдар бойы төзіп келдік, әйтеуір абырой болғанда сең қозғалайын деген сынды. Миллиондап жалақы алатын шетелдік мамандар жағдайы қалай шешілмек? Осы жайт арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында жарық көріп отыр.
Эфирдегі жарнаманың шамадан тыс жиі берілуі сізге қалай әсер етеді? Еш мән бермейсіз бе, әлде жылт-жылт етіп, көріп отырған дүниеңіздің шырқын бұза ма? Жарнама - телеарналардың күнкөріс көзі, алайда ақша үшін тұтынушы құқын таптауға бола ма? Жалпы, жарнаманың тым жиі берілуі тұтынушы құқығын бұзу болып табылма ма? Бұл жайында «Алаш айнасы» газеттің «Ой-көкпар» айдарында мамандар пікірінен қаныға аласыздар.