Сарапшы қазіргі таңда жаһандық экономика, еңбек нарығы мен мемлекеттік басқару жүйесі қарқынды өзгеріп жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай жағдайда мектептерге жасанды интеллектіні енгізу тек технологиялық жаңару емес, елдің болашақ адами капиталына салынған стратегиялық инвестиция саналады.
— Бұл құжаттың басты маңызы — білім беру жүйесін жаңа заманға бейімдеудің негізгі тетігі ретінде қарастыруында. Қазір мемлекеттің бәсекеге қабілеті тек табиғи ресурстарға емес, жастардың сыни ойлау қабілеті мен цифрлық жүйелерді меңгеру деңгейіне де байланысты. Жарлық білім экономикасында еркін әрі сенімді жұмыс істей алатын жаңа буынды даярлауға бағытталған, — деді ол.
Зерттеушінің айтуынша, бұл стратегияның келесі кезеңі — жекелей оқыту тәсіліне көшу. Жасанды интеллект әр оқушының қабілеті мен ынтасын ескеруге мүмкіндік беріп, оқу материалын бәріне бірдей қарқынмен меңгерту моделінен біртіндеп бас тартуға жол ашады. Сонымен қатар, технология мұғалімдерге оқушылардың біліміндегі олқылықтарды дәлірек анықтап, оған дер кезінде назар аударуға көмектеседі. Осылайша, педагогтер баланың қажеттілігін тереңірек түсініп, оқу үдерісін соған сай бейімдей алады.
Таиландтық сарапшы Жарлықтың әлеуметтік маңызына да ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бұл бастама қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуға ықпал етеді. Жасанды интеллект ауыл мектептеріндегі оқушыларға да ірі қалалардағыдай сапалы білім ресурстары мен интерактивті платформаларды пайдалануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, технология білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін тиімді құралға айналады.
Сарапшы сондай-ақ цифрлық шешімдерді тұрақты енгізіп, тиімді пайдалану үшін өңірлердің техникалық дайындығы мен қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты.
— Оқушылардың жеке мәліметтерін қорғау — қоғам сенімін сақтаудың негізгі шарттарының бірі. Ата-аналар мен мұғалімдер деректердің қауіпсіз сақталатынына сенімді болуы керек. Құпиялық талаптарының қатаң сақталуы жаңа бастамаларды табысты енгізудің берік негізін қалыптастырады, — деді ол.
Реформаның мазмұндық бөлігіне тоқталған зерттеуші Қазақстан халықаралық тәжірибені, соның ішінде Кай-Фу Ли ұсынымдарын ұлттық ерекшеліктермен тиімді ұштастырып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, білім беру жүйесіне жаңа технологияларды енгізу кезінде жергілікті тілдік және әлеуметтік ерекшеліктер ескерілуі қажет. Бұл өз кезегінде жүйенің жаһандық білім кеңістігімен үйлесімді дамуына мүмкіндік береді.
— Жарлықтың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы және әр мәселеге мұқият назар аударылуы жауапты көзқарасты көрсетеді. Академиялық адалдық пен деректерді қорғау талаптарының енгізілуі реформаның жан-жақты ойластырылғанын аңғартады. Қазақстан бұл бағытта үдерістерді жай ғана автоматтандыруды емес, өзгерістерді саналы түрде басқаруды мақсат етіп отыр, — деп түйіндеді сарапшы.
Сөз соңында Арифин Яма бастаманы ашық әрі адам мүддесіне сай жүзеге асыру Қазақстан тәжірибесін өзге елдер үшін үлгі ете алатынын айтты. Оның пікірінше, жасанды интеллект дұрыс қолданылған жағдайда елдің адами әлеуетін нығайтып, барлық азаматқа тең мүмкіндік беретін сенімді құралға айналады.
Айта кетейік, бұған дейін Түркия сарапшысы Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған бастамаларына оң баға берген еді.