АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында ФИДЕ-нің 2023 жылғы әлем чемпионаты аясында өтетін әйелдер арасындағы Қазақстан мен әлем құрамалары кездесуіне қатысатын ойыншылар тізімі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған кездесуге әлем құрамасын әйелдер арасындағы рейтингтің көшбасшысы, қытайлық Хоу Ифань бастап келеді.
Сондай-ақ, құрама сапында грузиялық Нана Дзагнидзе мен үндістандық Харика Дронавалли, әзербайжандық Гюнай Мамедзаде, болгариялық Нургюль Салимова, мажарстандық Зсока Гаал, өзбекстандық Афруза Хамдамова бар.
Ал Қазақстан құрамасында Жансая Әбдумәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Лия Құрманғалиева, Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова, Зарина Нұрғалиева сайысқа түседі.
Қазақстан мен әлем құрамалары 17-18 сәуірде рапид, 19 сәуірде блицтен шеберлік байқасады. Әрбір құрама 8 ойыншыдан тіркейді. Оның ішінде 4-і 20, 18, 16 және 14 жасқа дейінгі санатқа дейінгі шахматшы болуы керек. Олар өз жас санаты бойынша бір-бірімен ойнайды.
Еске салсақ, Бибісара Асаубаева Үндістандағы турнирдің 9-турынан кейін бірінші орында келеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.