Қазақстан мен Еуропа Одағы БҰҰ Жарғысын сақтауға әрдайым бейіл екенін тағы да растады

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі кездесу серіктестіктің жаңа кезеңге қадам басып, стратегиялық маңызға ие бола бастағанын айғақтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан мен Еуропа Одағы БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық нормаларын сақтауға әрдайым бейіл екенін тағы да растады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия — Еуропа Одағы» диалог платформасы өңірдегі маңызды міндеттерді шешуде тиімді құралға айналғанын айтты.

— Өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне баса мән берілді. Бұл орайда «Орталық Азия — Еуропа Одағы» диалог платформасы өзара байланыс, сауда, көлік, экологиялық таза энергия, су ресурстарын басқару және цифрлық трансформация салаларында өңірдегі маңызды міндеттерді шешуде тиімді құралға айналды деп санаймыз. Бүгінгі кездесу серіктестігіміз жаңа кезеңге қадам басып, стратегиялық маңызға ие бола бастағанын айғақтады. Өзара ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары, келешегі зор. Қол жеткізілген уағдаластықтар көп ұзамай нақты жобалар мен бастамаларға ұласады деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.

Осыған дейін Президент елімізге ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Еуропа Одағына ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Антониу Кошта Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі белсенді әрекетін құптайтынын жеткізді.