Аталған хаттамада Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету және кәрiз инфрақұрылымын оңалту мен жаңғырту жобасы қарастырылған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету және кәрiз инфрақұрылымын оңалту мен жаңғырту жобасы 27 млн. 440 мың евро сомасын құраған еді. Аталған құжатқа 2000 жылғы қазанның 5-інде Астанада қол қойылды. Хаттама Қазақстан Республикасының 2001 жылғы шілденің 11-індегі заңымен ратификацияланды.
Үкіметтің берген түсіндірмесіне сүйенсек, 8 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі барабар сомаға қаражат 2001, 2002 және 2003 жылдарға арналған республикалық бюджеттерге көзделген. Алайда, үш жылдың ішінде осы жоба бойынша қаражатты игеру жүзеге асырылмаған.
Қалыптасқан ахуалды Алматы қаласының әкімдігі француз тарапының суға тарифті көтеру жөніндегі талаптарымен түсіндірді. «Алматы суы» БК-ның тариф саясаты «Алматы суы» БК шығындарының құрылымына нормативтік шығындармен қатар коммерциялық шығындарды қосу есебінен Алматы қаласында суға тарифті 50 пайызға арттыруды көздеді. Осы тариф саясатына ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі келісім берген жоқ. Өйткені суға тарифті күрт арттыру қолданыстағы нормативтерде көзделмеген.
Париж қаласында 2009 жылғы наурыздың 2-сінде Қазақстан-француз экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысы болып өтті. Онда тараптар жоба Қазақстан тарапы жақын арада «Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету және кәріз инфрақұрылымын оңалту мен жаңғырту» жобасы шеңберінде француз тарапынан қаржылық көмектен бас тарту ниеті туралы ресми хабарлайтынына келісті.