Аталған құжат бостандықтан айыру түріндегі жазасын одан әрі өтеуді өз отанында жалғастыру үшін сотталған адамдарды беру мүмкіндігіне байланысты мәселелерді реттейді.
Осыған орай, келісім Қазақстан мен Италия арасындағы сотталған тұлғаларды одан әрі өз елінде жазасын өтеуі үшін өзара беру мүмкінігін қарастырады. Бұл ретте келісім аясында сотталғандарды беруді жүзеге асыратын нақты жағдайлар, сондай-ақ ондай берулерден бас тартатын жағдайлар қарастырылған.
Атап айтқанда, егер тұлға үкімді жүзеге асыратын тараптың азаматы болып табылса, беру туралы сұраудың алынған уақыты мен сотталған тұлғаның жазасын өтеу уақыты бір жылдан артық болғанда, сонымен қатар, сотталушының немесе оның заңды өкілінің жазбаша келісімі болғанда ондай тұлғалар берілуі мүмкін. Керісінше, егер тараптардың бірі ондай тұлғаларды беру егемендікке, қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке залалын тигізеді деп санаса, сондай-ақ оларды беру заңнаманың іргелі қағидаттарына қайшы келетін болса, онда мемлекеттер сотталғандарды беруден бас тарта алады.
Айта кетейік, Қазақстан мұндай халықаралық шарттарды Әзербайжан, Түрікменстан, Украина, Қытай, Түркия, Испания және Венгриямен жасаған болатын.