Қазақстан мен Корея Президенттері телекөпір арқылы Балқаш ЖЭС-інің 1-ші модулінің құрылысын бастауға рұқсат берді

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Корея Республикасының Басшысы Ли Мен Бактың Қазақстанға ресми сапары аясында қуаты 1320 МВт-тық Балқаш жылу электр стансысының 1-ші модулінің құрылысын бастауға рұқсат берілді.

 

Елордадағы «Медиа орталықта» «Астана-Үлкен кенті» телекөпірі арқылы өтіп жатқан шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Президенті Ли Мен Бак қатысты.

Үлкен кентінде Балқаш ЖЭС-і алаңынан байланысқа «Самұрық-Энерго» АҚ Басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Балқаш ЖЭС-і» АҚ басқармасының төрағасы Сун Вон Ким екі мемлекеттің басшыларын құрылыс жұмыстарын бастауға дайындықтары туралы хабардар етті.

«Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан үкіметі Балқаш ЖЭС-нің бірінші модулінің құрылысын бастауды ағымдағы жылдың аяғына дейін қамтамасыз ету қажет болды. 2012 жылы маусымда «Самсунг Инжиниринг» компаниясымен Балқаш ЖЭС-нің бірінші модулінің құрылысын аяқтап тапсыруға шарт жасалды. Тиімдлігі, энергеия және ресурстар үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау бойынша барлық озық талаптарға сәйкес келетін заманауи технологиялар конкурстық негізде пайдаланылатын болады. Құрылысқа рұқсат алынды. Құрылыс және арнайы техника жұмыс істеуге дайын», - деді А.Сәтқалиев.

Осыдан кейін екі елдің Мемлекет Басшылары аталған жобаны бірлесіп іске асыру Қазақстан-Корея экономикалық ынтымақтастығын кеңейту тұрғысынан айтулы оқиға болатынын атап өтіп, Елбасы Н.Назарбаев құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат берді.