Қазақстан мен ТМД энергетикасының ардагері Болат Нұржановтың есімі «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-не берілді

АЛМАТЫ. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Екібастұздың қуатты отын-энергетикалық кешенін құруға баға жетпес үлесін қосқан Қазақстан мен ТМД энергетикасының ардагері Нұржанов Болат Ғазисұлының есімі «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-не берілді. Бұл тұралы «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-нің баспасөз қызметі арнайы мәлімдеме таратты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Электр стансысына Болат Нұржановтың атының берілуі біз үшін үлкен құрмет болып отыр. Осы мәселені шешу ісінде көмек көрсеткендері үшін Қазақстан энергетикасының ардагерлері кеңесіне және Болат Ғазизұлының зайыбы Римма Александровнаға алғысымызды білдіреміз. Болат Нұржанов әу бастан ғаламат та, бірегей энергетикалық нысан ретінде ойластырылып, салынған біздің электр стансымыздың басы-қасында жүрді», дейді Қазақмыс тобының Бас атқарушы директоры Олег Новачук.

Болат Нұржанов 1938 жылы өмірге келіп, 2007 жылы дүниеден өткен болатын. Ол өз ғұмырында «Екібастұзэнерго» өндірістік бірлестігінің бас директоры, Қазақ КСР Энергетика және электрлендіру министрінің орынбасары сияқты үлкен қызметтерде болды. ТМД Электр энергетикалық Кеңесінің мүшесі бола жүріп, Достастық елдерінің барлық энергетиктерінің ынтымақтастығына қолдау көрсетуге елеулі үлесін қосты. Қазақстанның бірегей энергетика нысандарының бірқатарының құрылысына және олардың іске қосылып, пайдалануға берілулеріне басшылық жасады. Өзі құрылуына атсалысып, аяғынан тік тұрғызуға үлкен еңбек сіңірген «Екібастұз ГРЭС-1» Болат Нұржановтың атын беруге бастама көтерген Энергетика ардагерлерінің кеңесі болды. Ол серіктестіктің тең құқылы иелері Қазақмыс тобы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшылығымен мақұлданды.

Қазіргі уақытта Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 стансысында нақты өндірістік қуаттылығы 2,5 мың МВт деңгейіндегі сегіз энергоблоктың бесеуі жұмыс істеп тұр. Стансыда оның қуаттылығын жобаланған 4 мың МВт деңгейіне жеткізу мақсатымен озық әлемдік тәжірибені қолдана отырып, ауқымды модернизациялау жүргізілуде. Бұған алдағы 7 жылда 1 миллиардқа жуық доллар жұмсалмақ.