Нарендра Моди Қасым-Жомарт Тоқаевқа БРИКС саммитіне қатысқаны үшін алғыс айтып, оның сөзін өзекті бастамаларға толы деп бағалады. Қазақстан ЕАЭО мен Үндістан арасында еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздерге қолдау көрсетуге дайын екенін растады. БРИКС күн тәртібінде көлік байланысы, энергетика, сирек минералдар, азық-түлік қауіпсіздігі, технологиялар және орта державалардың рөлін күшейту мәселелері қамтылды. Бұл бағыттарға Үндістанның көзқарасы және Қазақстанның БРИКС аясындағы әлеуеті туралы Еуразия мен Орталық Азия геосаясатының сарапшысы, Нью-Делидегі Вивекананда халықаралық қорының ғылыми қызметкері Правеш Кумар Гупта айтып берді.
— Қазақстан БРИКС-ке серіктес ел ретінде қатыса отырып, АҚШ, Еуропа, Парсы шығанағы елдері, Қытай және Ресеймен қарым-қатынасын қатар дамытып келеді. Нью-Делиде Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС-ті практикалық ынтымақтастық үшін ашық платформа деп атады. Бұл формат халықаралық жағдай құбылып тұрған кезеңде Қазақстанның мүддесіне қаншалықты сай келеді?
— Қазақстан кейінгі жылдары көпвекторлы сыртқы саясатын белсенді түрде дамытып келеді. Ел АҚШ, Еуропа, Парсы шығанағы мемлекеттері, Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азия елдерімен ынтымақтастығын нығайта отырып, Ресей және Қытаймен қалыптасқан дәстүрлі экономикалық әрі саяси байланыстарын да қарқынды түрде жалғастырып келеді.
Орталық Азиядағы өңірлік дипломатия да қарқынды дамып келеді. Бұл үдерісте өңірдегі жетекші мемлекеттердің бірі Қазақстан маңызды рөл атқарады.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның БРИКС-ке серіктес ел ретінде қатысуының маңызы зор. Бұл формат елімізге сыртқы саясаттағы тепе-теңдікті сақтай отырып, жаһандық оңтүстіктің ірі экономикаларымен өзара іс-қимылды кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді.
Қазақстанның БРИКС елдерімен сауда байланыстары қалыптасқан, ал энергетика ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Мұнай мен уранның ірі экспорттаушысы ретінде Қазақстан БРИКС елдерімен байланысын кеңейту арқылы жаңа нарықтарға шығуға және сыртқы сауда бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік алады.
БРИКС инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың қосымша мүмкіндіктерін де ұсына алады. Капитал көздері мен экономикалық серіктестердің кең болуы Қазақстанға инвестиция тарту бағыттарын әртараптандырып, қаржыландырудың неғұрлым қолайлы тетіктерін таңдауға мүмкіндік береді.
Қазіргі әлемдік тәртіп жағдайында Қазақстан үшін бірнеше ықпалды елмен қатар қарым-қатынас орнату стратегиялық артықшылыққа жол ашады. Бұл елдің бір ғана сыртқы серіктеске тәуелділігін азайтып, экономикалық және саяси таңдау аясын сақтауға жағдай жасайды.
Бұл ретте БРИКС елдерімен ынтымақтастық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпвекторлы саясатының негізгі ұстанымдарымен үйлеседі. Қазақстан экономикалық өсудің жаңа орталықтарымен ынтымақтастығын кеңейте отырып, қалыптасқан стратегиялық және экономикалық байланыстарын да сақтап келеді.
— Тоқаев пен Моди арасындағы кездесуде энергетика, цифрландыру, білім беру және жаңа технологиялық байланыстар мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Astana Hub пен Cyberabad арасындағы өзара ынтымақтастықтың перспективаларына ерекше назар аударылды. Қазақстан Президенті өз сөзінде көлік-логистика, стратегиялық маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы және технология салаларын да атап өтті. Қазақстан БРИКС-ке қандай мүмкіндіктер ұсына алады және бұл бағыттар Үндістан үшін неліктен маңызды?
— Үндістан үшін Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттердің бірі ғана емес, сонымен қатар неғұрлым тұрақты, өзара тығыз байланысқан және көпполярлы әлемдік тәртіпті қалыптастырудағы маңызды серіктес саналады.
Үндістан үшін Қазақстанның географиялық орналасуы, энергетикалық ресурстары, маңызды минералдық шикізат қоры, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы әлеуеті және қарқынды дамып келе жатқан цифрлық мүмкіндіктері БРИКС үшін елеулі мәнге ие.
Қазақстанның Азия мен Еуропаны жалғайтын маңызды көпір ретіндегі географиялық орны көлік байланысын дамыту, жеткізу тізбектерін әртараптандыру және өңірлік сауда-саттықты нығайту тұрғысынан елдің маңызын арттыра түседі.
Энергетика саласының маңызы да айрықша. Қазақстан уран, мұнай және газ нарықтарында маңызды орын алады. Осыған байланысты ел энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін талқылауда елеулі рөл атқарады.
Сирек минералдар қоры таза энергетика, технология және өнеркәсіптік даму бағыттарындағы ынтымақтастыққа берік негіз бола алады. Ықпалдастықтың тағы бір перспективалы бағыты — азық-түлік қауіпсіздігі. Қазақстан ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары ел ретінде астық өндіруде маңызды орын алады.
Цифрландыру, инновациялар және технологиялық серіктестік Қазақстан-Үндістан ынтымақтастығының келешегі зор бағыттарына жатады. Аталған салалар Үндістанның тұрақтылықты нығайту, инновацияларды дамыту және инклюзивті өсімді қамтамасыз ету жөніндегі басымдықтарына сай келеді.
Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның сыртқы саясатындағы экономикалық және технологиялық басымдықтары Үндістан үшін маңызды бірқатар бағыттармен үндеседі. Олардың қатарында көлік-логистикалық байланыс, энергетика, сирек минералдар және цифрлық технологиялар бар.
Бұл мүмкіндіктердің жиынтығы Қазақстанның БРИКС аясындағы рөлін саяси диалогпен ғана шектемейді. Ел нақты ресурстар мен көлік мүмкіндіктерін ұсынып, технологиялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға үлес қоса алады.
— Нарендра Моди саммитте Президент Тоқаевтың сөзін жоғары бағалады. Ал Қазақстан Президенті дамушы орта державалардың халықаралық аренадағы дауысы салмақтырақ болуы қажеттігін атап өтті. Қазақстан көлік байланысын дамыту, сирек минералдар, су ресурстары және халықаралық институттарды реформалау бағытындағы бастамаларын ілгерілетіп келеді. БРИКС-пен ынтымақтастық Қазақстанның осы бағыттағы рөлін одан әрі күшейте ала ма?
— Иә. Қазақстанның БРИКС-тегі серіктес ел ретіндегі қатысуы Президент Тоқаевтың елді халықаралық аренада белсенді әрі бастамашыл орта держава ретінде таныту мақсатын күшейте түседі.
Бұл формат Қазақстанға көлік байланысын дамыту, сирек минералдар, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік, су дипломатиясы, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау жөніндегі өз бастамаларын ілгерілетуге нақты алаң ұсынады.
Серіктес мәртебесі Астанаға көпвекторлы саясатын сақтап, халықаралық қатынастарда еркін маневр жасауға мүмкіндік береді. Осылайша Қазақстан белгілі бір халықаралық блокқа қатаң тәуелді болып қалмайды.
Мұндай тәсіл Қазақстанның қалыптасып келе жатқан Жаһандық Оңтүстік жүйесіндегі мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ел Еуразиялық бағытты және өзінің өңірлік бастамаларын ілгерілетіп, инвестициялар мен даму қаржысын тарта алады. Сонымен қатар Қазақстан сыртқы саяси байланыстарының кең ауқымын сақтап қалады.
Үндістанмен арада өзара ынтымақтастыққа негіз болатын бірқатар ортақ бағыт бар. Атап айтқанда, бұл — «Солтүстік — Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі, цифрлық технологиялар, тұрақты даму және экономикалық серіктестіктің басқа да салалары.
БРИКС-пен таңдамалы әрі прагматикалық ынтымақтастық Қазақстанның дипломатиялық дербестігін арттырып, орта держава ретіндегі позициясын күшейте алады. Бұл тәсіл ұлттық мүддеге сүйенеді және Астана мен Нью-Дели ұстанатын теңгерімді сыртқы саясат қағидаттарына сәйкес келеді.
Бұл тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы Қазақстанға БРИКС-ті қатаң геосаяси таңдау емес, ұлттық мүддені ілгерілетудің қосымша құралы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Ұйыммен ынтымақтастық арқылы Қазақстан өз бастамаларын алға шығарып, инвестиция тартумен қатар, дербес орта держава ретіндегі халықаралық рөлін де күшейте алады.
Ақзат Жиеналина