Қазақстан мен Вьетнам президенттері керамика бұйымдарын шығаратын деревняға барды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев пен Во Ван Тхыонг Хайзыонг провинциясында орналасқан керамика бұйымдарын шығаратын Чу Дао деревнясына бірге барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Екі ел басшылары дайын өнімдерді қарап көріп, керамика бұйымдарын дайындау процесімен танысты.

Содан кейін президенттер арнаулы станокта қыш құмыра жасап көрді.

Қазақстан мен Вьетнам президенттері деревняны аралап көргеннен кейін дайын өнімдерге және құрметті қонақтар кітабына қолтаңбаларын қалдырды.


Чу Дао – тарихы біздің дәуіріміздің XII ғасырынан бастау алатын керамика бұйымдарын дайындаудың көне вьетнамдық әдісі. Бұл қолөнер XIV-XV ғасырларда дамып, XVII ғасырда жоғалып кеткен. Алайда 1980-жылдары Ыстанбұлдағы Топкапы музейінен Чу Дао шеберінің қолынан шыққан құмыра табылды.

2001 жылы Ханой сауда корпорациясы осы ежелгі қолөнерді қайта жаңғыртып, көне технология негізінде толыққанды өндірісті жолға қойды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамда ресми сапармен жүр.

Президент Вьетнам басшысымен келіссөздер жүргізді, және оны елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Осы жолғы сапар аясында Қазақстан мен Вьетнам арасында 12 құжатқа қол қойылды.