Қазақстан-Өзбекстан және Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасында шекаралық белгілерді орнату аяқталып, демаркациялық материалдар жинағы әзірленуде - Үкімет сағаты

АСТАНА. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Республиканың ұлттық қауіпсіздігін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында шекаралас мемлекеттермен мемлекеттік шекараны рәсімдеу үдерісін геодезиялық және картографиялық қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда.


Бұл мәселе жөнінде бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, қазір Қазақстан-Өзбекстан және Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасында шекаралық белгілерді орнату аяқталып, демаркациялық материалдар жинағы әзірленуде. «Қазақстан - Ресей мемлекеттік шекаралары бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Биыл мамыр айында Атырау және Астрахан облыстарында мемлекеттік шекараның алғашқы белгілері орнатылды. Осы бағыттағы жұмыстар Қазақстан - Қырғызстан мемлекеттік шекараларында да жалғасуда», деді агенттік төрағасы.