Министрдің келтірген мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні республикамыздың электр энергетикасын өндіру саласында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 1 пайызға да жетпейді. «Жаңартылатын және баламалы энергия көздерін дамыту бағдарламасына сәйкес, олардың үлесі 2020 жылға қарай 3 пайызға, 2030 жылдарға дейін 30 пайызға, 2050 жылдарға 50 пайызға жеткізу көзделеді», - деді министр.
Оның айтуынша, шығарындыларды азайту бағытында орман мен ауыл шаруашылығы секторының әлеуеті жоғары. «Жалпы Қазақстан өзінің алдына қойып отырған стратегиялық міндеттердің барлығына қол жеткізу әлеуеті зор. Ал Париж климаттық келісімін ратификациялау елімізде төмен деңгейлі көмірсутекті даму бағытында бірқатар кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді. Бұл ретте ұлттық экономиканың энергия тиімділігін арттыру секторларында, өңдеу саласында, ауыл шаруашылығында, құрылыс және көлік салаларында ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Сол үшін Париж климаттық келісімі аясында Қазақстан шығарындыларды, парниктік газдарды төмендету бойынша ұлттық міндеттемелерге қол жеткізу үшін төмен көмірсутекті дамудың ұлттық стратегиясын қабылдауы керек. Бұл арқылы Қазақстан әлемдік дамудың трендінде болып, халықаралық инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндігіне арттырады», - деді Энергетика министрі.
Еске сала кетейік, «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес Париж климаттық келісімін іске асыру мәселесіне арналып отыр. 2016 жылғы 29 маусымдағы жағдай бойынша Париж келісіміне әлемнің 178 мемлекеті қол қойған. Қазақстан Париж келісіміне қол қою рәсімдерін аяқтап қалды.