Шараға облыс әкімінің орынбасары Дулат Нұрмолдин мен облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, генерал-майор Жайлаубек Халықұлы және өңірдегі құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Ақмолалық тәртіп сақшылары тек жақсы жағынан атап өтіліп, түрлі мақтау-мадақтарға, қошеметке ие болған шара барысында Бұланды аудандық ІІБ аға кезекші инспекторы Ақжігіт Жақсылықовқа полиция подполковнигі шені берілсе, Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Мәулен Шайкенов, облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Жанат Шәріпов «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Тағы бір топ тәртіп сақшылары еліміздің ішкі істер министрлігі мен облыстық ішкі істер департаментінің Алғыс хаттарын иеленді.
Салтанатты шарада сөз алған департамент басшысы, генерал-майор Жайлаубек Халықұлы құқық қорғау қызметі аса мәртебелі міндет екендігін айта келе, осы жауапты жолдан әр полицейдің сүрінбей өтіп, халқының мақтанышына айналуына ниеттестігін білдірді.
«Еліміздің тыныштығын сақтап, қауіпсіздігін қорғайтын Қазақстан полициясының құрылғанына биыл жиырма үш жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде құқық қорғау саласы айтарлықтай дамып, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәртіп сақшыларына келелі міндет жүктеп отыр. Өңірімізде үш мыңға жуық полицей қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында адал қызмет етуде», деді өз сөзінде Жайлаубек Халықұлы.
Сонымен қатар кездесуге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Дулат Нұрмолдин де полиция қызметкерлерін мейрамдарымен шын жүректен құттықтап, мереке иелеріне өңір басшысының Алғыс хаттарын табыс етті.