Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ГФР Федералдық канцлері Ангела Меркельмен арадағы келіссөздерді жоғары бағалады

БЕРЛИН. 8 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Германия Федеративтік Республикасының Федералдық канцлері Ангела Меркельмен арадағы келіссөздерді жоғары бағалады.

Германия - Қазақстанның жетекші экономикалық әріптестерінің бірі. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ГФР-дің Федералдық канцлері Ангела Меркельмен келіссөздердің қорытындысы бойынша өткен бірлескен баспасөз мәслихаты барысында айтты.

"Ең алдымен Федералдық канцлер Ангела Меркельге және барлық германиялық достарға шақырғандары әрі қонақжайлылықтары үшін алғысымды білдіргім келеді. Менің сапарым екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 20 жыл толуы қарсаңында өтіп отыр", - деді.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, өткен жылдар ішінде мемлекеттер арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың мығым іргетасы қаланып, 30-дан астам құжаттың құқықтық-келісім негізі қалыптасты.

"Мен өткен келіссөздерді жоғары бағалаймын. Біз сенімді ахуалда екіжақты ынтымақтастық және халықаралық саясаттың өзекті тақырыптарын талқыладық. Германия - Қазақстанның жетекші экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады", - деді Н.Назарбаев.