Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары бекітілді

bsp; Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы ақпанның 1-індегі №922 Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары бекітілді.

1997 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы Президентінің "Барлық қазақстандықтардың өсіп-өр­кен­деуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы" атты халыққа Жолдауында Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясы (бұдан әрі - "Қазақстан-2030" стра­те­гия­сы) белгіленді. Бұл Стратегия егеменді респуб­ликаны әлемнің ең қауіпсіз, тұрақты, экологиялық орнық­ты, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдерінің біріне айналдыруға бағытталған ұзақ мерзімді даму жолын айқындап берді.

"Қазақстан-2030" стратегиясында жеті ұзақ мерзімді басымдық айқындалған: ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық және қоғамның топтасуы; шетел инвести­ция­лары мен ішкі жинақталымдардың деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу; Қа­зақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты; энергетика ресурстары; инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс; кәсіби мемлекет. Осы басымдықтар елді одан әрі дамыту жөніндегі нақты іс-қимылдар әзірлеудің негізіне айналды.

Қазақстан Республикасының Президенті 2001 жылғы желтоқсанда бекіткен Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары (бұдан әрі - Стратегиялық жоспар-2010) "Қазақстан-2030" стратегиясын іске асырудың алғашқы онжылдық кезеңі болып табылады.

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стра­тегиялық даму жоспары (бұдан әрі - Стратегиялық жос­пар-2020) 2010 жылдан бастап 2019 жылды қоса алғандағы аралықты қамтитын "Қазақстан-2030" стратегиясын іске асырудың келесі кезеңі болмақ.

Стратегиялық жоспар-2010-ды іске асырылудың аяқталу мерзіміне қарай және Стратегиялық жоспар-2020-ны әзірлеу кезеңінде дамудың сыртқы жағдайлары елеулі өзге­рістерге ұшырады. Қазақстан соңғы жетпіс жыл ішіндегі ең ауыр жаһандық дағдарысқа қарсы тұруға беттеді.

Экономикалық айналымның әсер етуі, бірінші кезекте, ағым­дағы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың ық­па­лы ұлттық экономиканың әлемдік немесе өңірлік дағ­да­рыс­тардың келеңсіз салдарларына төтеп беруін арттыруға ба­­ғ­ытталған шараларды жүзеге асыру қажеттілігін анықтайды.

Елдің дағдарыстан кейінгі дамуы үшін жағдайлар жа­сайтын бірінші кезектегі шаралар іскерлік және инвес­ти­циялық ахуалды жақсартуға, елдің қаржы жүйесін нығай­туға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға шоғырландырылады.

Экономиканың сапалы өсуі елдің үдемелі индус­триялық-инновациялық дамуына ықпал ететін физикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, адами ресурстарды дамытуға және институционалдық базаны нығайтуға негізделеді.

Әлеуметтік қорғалу, ішкі тұрақтылық және үйлес­ті­ріл­ген сыртқы саясат мәселелері таяудағы онжылдықта елдің даму басымдықтарының қатарында сақталатын болады.

Әртараптандырылған экономиканың негізінде ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру Стратегиялық жоспар-2020-ны іске асырудың басты жетістігі болады.

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының толық мәтіні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда.