Қазақстан Республикасының инвестициялық даулар және төрелік туралы заңнаманың жаңашылдықтары талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласындағы «Rixos» қонақ үйінде Қайрат Мәмидің төрағалығымен «Инвестицияларды қорғаудың институционалдық тетіктерін жетілдіру. Қазақстан Республикасының инвестициялық даулар және төрелік туралы заңнаманың жаңашылдықтары» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Оның жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, судьялар, Парламент депутаттары, Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасының, ұлттық даму институттары мен халықаралық заң фирмаларының өкілдері қатысты.

Іс-шараға «Тенгизшевройл», «Лукойл», «Қазақмыс корпорациясы», «Аджип Карашығанақ Б.В.», «Орал Ойл Энд Газ», «Шұбаркөл көмір», «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «СП КАТКО», «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» сияқты ірі инвесторлардың өкілдері шақырылды.

«Дөңгелек үстелдің» ашылу рәсімінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ басқарушысы Қайрат Келімбетов сөз сөйледі.

«Дөңгелек үстелде» сөйлеген сөзінде Жоғарғы Сот Төрағасы: «Қазіргі заманда инвестициялық қызмет кез-келген мемлекеттің экономикалық өсуінің маңызды алғы шарты болып табылады. Қазақстан инвестициялық тартымдылықты арттыруға айрықша мән беріп отыр», - деп атап өтті.

«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 23-қадамын іске асыру шеңберінде биылғы қаңтардан бастап Жоғарғы Сотта инвестициялық даулар бойынша жеке сот ісін жүргізілуде. Бұл сот жүйесінің бизнес субъектілері мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудегі ерекше рөлін айғақтады. Аталған дауларды қарау тәртібі жаңа Азаматтық процестік кодекс арқылы реттеледі. Бұған қоса, Жоғарғы Сотта 12 беделді шетелдік және қазақстандық заңгерлер мен ғалымдардан құралған Халықаралық кеңес жұмыс істеуде.

 Сонымен қатар, Қ. Мәми өз сөзінде қазіргі таңда дауларды шешудің баламалы түрлері, соның ішінде төрелік халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылып жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда «Төрелік туралы» жаңа заң әзірленіп, қабылданды. Ол отандық төрелікке кәсіпкерлер мен инвесторлардың қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Онда «Халықаралық сауда төрелігі туралы» ЮНСИТРАЛ типтік заңының қағидаттары ескерілген.

«Дөңгелек үстел» жұмысы екі сессия бойынша өтті.

Біріншісі - «Инвестициялық дауларға қатысты сот ісін жүргізудегі заңнамалық жаңашылдықтар» деп аталады.

Аталған сессияның шеңберінде инвестициялық дауларды шешудің мәселелері мен келешегі, инвесторлардың мәртебесін анықтау, инвестицияларды құқықтық қорғауды қамтамасыз етудегі уәкілетті мемлекеттік органдардың рөлі, салық даулары бойынша сотқа дейінгі апелляцияның тетіктерін қайта қарау, жер қойнауын пайдалану туралы заңнама бойынша мәселелер қаралды.

Сонымен қатар, инвесторлардың қатысуымен болатын даулар бойынша қазақстандық соттардың юрисдикциясы туралы Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңес мүшесі Куртис Мастерс баяндады.

Екінші сессия - «Төрелік туралы заңнаманың жаңашылдықтары» тақырыбында өтті.

Аталған секцияның шеңберінде «Төрелік туралы» Қазақстан Республикасының жаңа заңының нормалары талқыланды. Азаматтық дауларды тиімді шешу мақсатында қазақстандық соттар мен төреліктердің өзара іс-әрекетін жақсартуға ерекше мән берілді.

«IUS» халықаралық төрелік төрағасының орынбасары Игорь Грешников Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының институционалдық төреліктің даму болашағы мен тәжірибесі туралы сөз сөйледі. Халықаралық фирмалар өкілдері өз баяндамаларында төрелік туралы заңнамадағы жаңа жаңашылдықтар мен төрелік шешімдерінің орындалуы туралы айтты. Бұған қоса, жаңа заң шеңберіндегі коммерциялық төрелік және инвесторларды төрелікте қорғаудың өзекті мәселелері бойынша егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылды.

«Дөңгелек үстел» барысында қатысушылар бағдарламада көзделген барлық мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасты. Іс-шараның қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам - Ұлт жоспарында құқық тәртібі және заңдылық мәселесіне ерекше назар аударылған.

Ұлт жоспарында: «Екінші реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиістігінде.

Оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі мен жаңа «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заң қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қажетті өзгерістер енгізілді.

Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі.

Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе - сапалы судьялар корпусын жасақтау.

Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.

Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс.

Судьяларды іріктеу мен тағайындау үдерістері қоғам үшін мөлдір және ашық болады.

Осымен байланысты өзінің аппараты бар, құрамы мен өкілеттілігі кеңейтілген автономды мемлекеттік мекемеге айналатын Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды.

Сот реформасының маңызды қыры - сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне өту.

Тек бірінші, апелляциялық және кассациялық инстанциялар қалады. Бұл жерде көп іс қаралатын бірінші және апелляциялық инстанциялар соттарының рөлдері айтарлықтай күшейтілетін болады. Мұндай қадам соттық әуре-сарсаңның алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мерзімін қысқартады.

Қазақстандағы сот төрелігі азаматтардың жеке өмірінің құпиялығына кепіл құқын есепке ала келгенде барынша ашық бола түседі.

Сот залдары сот істерін аудио және видеожазудың аппаратураларымен жарақтандырылады және жазбаларды қандай да бір тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейді.

Бұл судьяларды және сот мәжілісіне басқа да қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің объективтілігін қамтамасыз етеді.

Сот жүйесін реформалау шеңберінде бірқатар институттық шешімдер жұмыс істей бастайды.

Біріншіден, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі түбегейлі қайта құрылады.

Сот жюриі азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне және судьялық корпус өкілдерінің қабылданады деп күтіліп отырған Этикалық кодексті бұзу жағдайларына байланысты арыз-шағымдарын қарайтын болады.

Екіншіден, Жоғарғы Сот жанынан дауларды, оның ішінде, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін мамандандырылған алқа құрылатын болады.

Оның шеңберінде шетел инвесторларының құқын өздерінде туындаған құқықтық даулар бойынша сапалы әрі әділ шешу жүзеге асырылады.

Үшіншіден, қылмыстық іс жүргізу шеңберінде соттарда, оның ішінде сотқа дейінгі кезеңде, айыптау мен қорғау арасында теңгерім қамтамасыз етілетін болуы тиіс.

Бұған адамның конституциялық құқы мен бостандығын шектейтін тергеу судьясының барлық тергеу әрекетін санкциялау бойынша өкілеттіліктерін одан әрі қарай кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады.

Төртіншіден, қазақстандық соттардың төрағалары - құқы теңдердің ішіндегі жолы кеңдері екенін ұмытпау маңызды.

Сондықтан олардың тарапынан басқа судьялар қабылдайтын шешімге ықпал ету мүмкіндігі мүлдем болмайды.

Бесіншіден, мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңімен қысқарту арқылы жеке сот орындаушыларының институты одан әрі дамытылады.

Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтатын шаралардың маңызы ерекше.

Менің тапсырмам бойынша бүгінде құрметті зейнетке шыққан судьяларды зейнетақылық қамтамасыз ету бойынша барлық мәселелерін шешуді қарастыратын заң қабылданғаны белгілі. Бұл судьяларға бар күш-жігерін сот төрелігін барынша объективті атқаруға аудару мүмкіндігін береді.

Бұдан бөлек, бізге барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізуіміз қажет.

Бұл үшін жергілікті билік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылады. Осындай қызмет тұтастай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше бірқатар елдерде өзін жақсы танытты.

Жергілікті полиция қызметінің қарауына қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұсақ құқық бұзушылықтарға атымен төзбеушілік мәселелері беріліп отыр.

Осы жаңалықтар жаңа заңнамада көрініс тапқан. Онда, сондай-ақ, азаматтардың этикалық нормаларды бұзған полициялардың үстінен түсірген арыз-шағымдарын қарайтын қоғамдық кеңестер мен өзге де консультативтік-кеңестік органдар жүйесін құру қарастырылған.

Сондай-ақ, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталы құрылатын болады. Мұндай тетік әлемнің бірқатар елдерінде табысты қолданылып келеді. Осы веб-ресурсқа елдегі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жедел енгізіледі. Бұл жұртшылықтың құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін бақылауына мүмкіндік береді.

Пенитенциарлық жүйені жақсарту көкейкесті мәселе болып табылады. Бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту шеңберінде жүргізілуі тиіс.

Шетелдердің табысты тәжірибелері жеке секторды пенитенциарлық мекемелерді салу мен пайдалануға тарту жөніндегі шараларды жүзеге асырудың негізі болуы тиіс.

Сондай-ақ, бұған дейін заңнан аттап, сонысы үшін жазасын өтеген адамдарға көмек көрсету мен ықпал ету маңызды.

Бұл үшін әлеуметтік оңалту кешенді дамытылып, жазасын өтеп жатқан азаматтар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілетін болады.

Тұтастай алғанда, Қазақстанда құқықтық мемлекеттің орнықтырылуы - біртұтас жаңғырту үдерісі аясында шешіліп жатқан біздің конституциялық міндетіміз. Белгіленген шаралар мен қадамдарды жүзеге асыру азаматтардың, сондай-ақ, шетел инвесторларының ұлттық сот және құқық қорғау жүйесіне сенімін арттырып, тұтастай алғанда, еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартады» делінген.