Қазақстан шабандоздары Еуразия Лигасының жеңімпазы атанды

Фото: Қуаныш Жарлықас

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада үш күндік халықаралық ат спорты жарыстары өз мәресіне жетті. Конкурдан Әлем Кубогының кезеңін және Атпен мәнерлеп жүруден бақталасуға алты елден алпыс шабандоз келген. Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленді.

«Арғымақ» ат спорт кешенінде конкур бойынша Еуразия Лигасының Әлем Кубогы кезеңі (FEI CSI 1*-W) және Атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир (FEI CDI 1*) аяқталды. Жалпы жүлде қоры 24 мың АҚШ долларын құрады. 

Конкурдан Еуразия Лигасының Әлем Кубогы кезеңі Астанада 10 жылдан кейін алғаш рет өткізіліп отыр.

Сонымен қатар, елорда тарихында тұңғыш рет атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир ұйымдастырылды. Бұл Қазақстанда осы спорт түрінің дамуына тың серпін беретін маңызды қадам болды. Соған қарамастан халықаралық төрешілер біздің елдің ұйымдастыру деңгейі мен спортшылардың дайындығын жоғары бағалады.

Фото: Видеодан алынған скрин

− Қазақстандық ұйымдастырушыларға дайындыққа небәрі 1,5 ай берілді. Соған қарамастан барлық спортшылар Астанадағы жарыстың өте жоғары деңгейде өткенін айтуда. Спортшы жалғыз келмейді, онымен бірге сәйгүлік келеді. Қазақстан жалға алатын аттармен де қамтамасыз етті. Оларды жем-шөппен, ветеринарлық қызметпен толық қамтамасыз ету керек болды. Сондықтан біздің таңданысымыз да, жоғары бағамыз да орынды. Қазақстан құрамасын командалық жарыста бірінші орын алуымен құттықтаймын. Бұл ұзақ уақыттан кейінгі алғашқы жеңіс, − деді Халықаралық ат спорты федерациясы бюросының мүшесі, Еуразиялық ат спорты қауымдастығының президенті, Ресей ат спорты федерациясының президенті Марина Сечина. 

Біздің елдің шабандоздары жалпы командалық есепте үздік шығып жеңімпаз атанды.

Ал жекелей сайыстарда Қырғызстан мен Өзбекстан спортшылары басым түсті. Қазақстандық командадан Дайана Оңаева, Олег Соколенко, Нұрила Тұрысбекова ерекше көзге түсті, жүлделі орындарды иеленді. 

Қазақ спортшыларының әлеуетін еліміздің бас бапкері де растайды және халықаралық жарыстарға көбірек қатыстырып, тәжірибе жинату керегін айтты.

Фото: Видеодан алынған скрин

− Әлемдік рейтингке жақсы ұпай жинау үшін біздің спортшылар үнемі Еуропада жарысқа қатысуы керек. Бізде өте жас спортгшыларымыздың деңгейі өте жоғары, олар жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Енді 2026 жылы Германияың Ахен қаласында Әлем чемпионаты өтеді. Сол жаққа жолдама жеңіп аламыз деген үміттеміз. Әлі алдымызда рейтингтік жарыстар көп, 2026 жылы Жапонида Азия ойындары өтеді. Сол жаққа команданы апару жоспары бар, − Ат спортынан ҚР құрама командасының бас бапкері Әсет Толқынбеков.

Айта кетейік, Астанада өткен сайыс - Еуразия лигасының төртінші кезеңі. Бұған дейінгі жарыстар Өзбекстан мен Қырғызстанда өтсе, 5-6 тур – Грузияда, ал 7-тур Арменияда өтпек. Ақтық сын – Иранда ұйымдастырылады. Сол сайыста конкурдан Әлем Кубогының финалына лицензия ойналады.

Фото: Видеодан алынған скрин

− 1999 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның үш федерациясы арасында Еуразиялық лига құрылды. Сол уақыттан бері біз кубок жарыстарын өткізіп келеміз, бұл – шабандоздарымыздың әлем кубогының финалына жолдама алуына және іріктеуден өтуіне мүмкіндік береді. Әлем кубогының финалы өз кезегінде әлем чемпионатына жол ашатын маңызды кезең болып саналады. Сол себепті біз Еуразиялық лигамыз аясында жарыс кезеңдерін өткізіп келеміз. Мен өзім ат спортымен айналысқанмын, сондықтан Астанадағы ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалаймын. Керемет ат қора, жоғары деңгейдегі конкур алаңы, сапалы жаттығу алаңы – мұның бәрі тамаша атмосфера сыйлап, аттардың жарақат қаупін азайтып, мүмкіндігін толық көрсетуге жағдай жасайды. Алда бізді келесі кезеңдер күтіп тұр. Бұл жарыстардың барлығын 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындықтың бір бөлігі ретінде қарастырып отырмыз, − деді Қырғызстан ат спорты федерациясының президенті Садыр Мамытов.

Өз кезегінде ҚР Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев мұндай жарыстар инфрақұрылымды дамытуға, спорттық туризмнің өсуіне, жастардың назарын спортқа аударуға, ең бастысы – елімізде мықты, бәсекеге қабілетті ат спорты мектебін қалыптастыруға ықпал ететінін айтуда. 

− Қазақстан үшін ат спорты – жай ғана жарыс түрі емес, ұлттық мұрамыздың бір бөлігі әрі оны әлемдік аренаға шығарудың маңызды қадамы. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның халықаралық сайыстардағы позициясын нығайту, жас таланттардың өсуіне жағдай жасау, жаңа спортшылар буынын тарту және үш сайыс, кедергілерді еңсеру, атпен мәнерлеп жүру және басқа да түрлерін кеңінен насихаттау, − деді Р. Баялиев. 

Айта кетейік, конкур – тұлпардың және шабандоздың кедергілерден өту қабілетін анықтайтын олимпиадалық спорт түрі. Мақсат – қашықтықты қателіксіз әрі мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде еңсеру. 

Атпен мәнерлеп жүру – ат спортының жоғары деңгейі, мұнда шабандоз бен ат арнайы аренада дәлдікпен және үйлесімділікпен түрлі қимылдарды орындайды.