Қазақстан шағын кәсіпорындардың бәсекелестігін арттыру үшін Халықаралық Банктен қарыз алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Шағын және орта кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жобасы) ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады. Парламент қабылдаған құжат енді Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Құжат бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік қаржы ұйымдары арасындағы серіктестік туралы Шекті Келісімшартты жүзеге асыру шеңберінде Дүниежүзілік банкпен «Шағын және орта кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін жоғарлату» бағдарламасының жобасы әзірленіп жатқанын атап өтті.

«Ал қаралып Жобаның құны 11, 4 млрд.теңгені құрайды, оның ішінде сыртқы қарызды бірлесе қаржыландыру есебінен республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге, сыртқы қарыз есебінен 9,9 млрд. теңге бойынша есептеледі. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2019 жылды қоса есептегенде 5 жылға белгіленіп отыр», - деді министр Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, бағдарламаның мақсаты шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуетін және бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Осыған байланысты, бағдарлама шеңберінде төрт бағыт айқындалған. Біріншіден, шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуетін дамыту. Бұл ретте шағын және орта бизнеске ұсынылатын мемлекеттік қолданыстағы қаржылық емес қолдауды, олардың мазмұнының сапасын және ұсынылу тетігін жақсарту, озық халықаралық тәжірибені енгізу және хабардарлықты жоғарылату арқылы жақсарту мен кеңейту жоспарлануда. Институционалды әлеуетті жоғарылату, жоспарлау және қаржылық емес қолдауды ұсынуды басқару жүйелерін дамыту стратегиясы әзірленетін болады. Екіншіден, бәсекеге қабілетті секторлардағы шағын және орта кәсіпорындар арасындағы өзара байланыс орнатылады. Осыған орай, шағын бизнестің ірі жергілікті және Қазақстанда қызметін жүзеге асыратын халықаралық корпорациялармен нарықтық байланыстарын кеңейту жататын, жеткізушілерді дамыту қызметін құру жоспарлануда. «Бұл жергілікті мазмұн бойынша көрсеткіштерін жоғарылатуға ұмтылатын трансұлттық корпорациялардың, қазақстандық кәсіпорындардың тауарлар мен қызметтер сатып алуларында қазақстандық шағын бизнестің мүмкіндіктерін жоғарылатады. Осы мақсатта Қазақстанның 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кластерлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін институционалдық әлует кеңейтілетін болады», - деді министр.

Үшінші бағыт бойынша бағдарламалардың шағын және орта кәсіпкерлікке әсерін бағалау қамтылады. Төртіншіден, кәсіпкерлер үшін тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алу операцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін факторингті енгізу мүмкіндігін бағалау іске асырылатын болады.

Тұтастай алғанда, министрдің айтуынша, жобаның жүзеге асырылуы кредиттелетін шағын бизнес субьектілерінің өкілеттілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба бойынша қарыз туралы Келісімнің күшіне енуінің ерекше шарттары болып табылатын, министрлікпен шараларды жүзеге асыру кестесі қабылданған және жобаны жүзеге асыру бойынша бірінші кезектегі шараларды жүзеге асыру басталған.