деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеше, ақпанның 18-і күні Е.Хрусталева 15 шақырым қашықтықтағы жарыста 20 нысананы өте дәлдікпен атып, Норвегиялық спортшы Тура Бергерден 40 секунд айырмамен мәре сызығына екінші болып жетті.
Спорт комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мәлік Сапашевтың айтуынша, Е.Хрусталеваның жеңісі кездейсоқ нәтиже емес, ол ұжыммен атқарылған үлкен еңбектің жемісі. Себебі қазақстандық спортшыларды дайындауға және Олимпиадаға қатыстырылуына үлкен күш-жігер жұмсалды.
«Республика басшылығы Олимпиадаға жолдамадан кандидаттарға қажетті барлық жағдайды жасады. Мәселен, олар әлемдегі үздік спорттық кешендерде жаттығуға мүмкіндік алды сондай-ақ, оларды әлемдік деңгейдегі үздік бапкерлер жаттықтырды. 51 кандидат спортшымен және 47 бапкермен келісімдер жасалды», - деп атап өтті ол.
Штаттық ұлттық командалар мен спорттық резерв дирекциясы директорының міндетін атқарушы Темірлан Нұрсейітовтың айтуынша, бүгінгі күні Ванкуверде Қазақстанның ұлттық құрамасы ресми емес есептеулер бойынша 20-шы орында келеді.
Өз кезегінде биатлон спорты бойынша Қазақстан Республикасы командасының бастығы Александр Ткачук Е.Хрусталевамен телефон арқылы болған әңгімесін жеткізді. «Елена бұл жеңіспен бүкіл Қазақстанды құттықтады. Ол Қазақстанда биатлон спортының бар екенін және ол қарқынмен дамып келе жатқандығын көрсетті. Бұл нәтиже ең алдымен, спортшы қыздың өзінің үлкен еңбегінің жемісі. Хрусталеваның арқасында Қазақстан 39 мемлекеттің ішінде қыздар командалары арасында жалпы 11-ші орынға орналасты», - деді ол.
А.Ткачук биатлоншы қыздың бұл жеңісі басқа спортшыларымызды да жеңіске жігерлендіре түседі деген сенімін білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ойындарының алтын алқасын иеленген спортшыға тағайындалған мемлекеттік біржолғы сыйықының көлемі - 250 мың АҚШ доллары, күміс алқа - 150 және қола медаль - 75 мың доллар. Алтыншы орынға дейінгі нәтижелерге қол жеткізген спортшы да құр алақан қалмайды.
Айта кетейік, Е.Хрусталеваның бұл күміс алқасы 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен Олимпиададан кейінгі Қазақстанның алғашқы жүлдесі. Бүгінгі күні Ванкувердегі ХХІ қысқы Олимпиадаға аттанған қазақстандық спортшылардың дерлік барлығы (фристайл-акробатикадан басқа) өнерлерін көрсетті. Бүгінгі күнге дейінгі жетістіктерге қысқаша тоқталатын болсақ, шаңғышы Алексей Полторанин - 5 орын; Денис Тен - әлемнің ең үздік 10 конькишісі қатарына енді; конькиші Дмитрий Бабенко - 15 орын; Елена Хрусталева - 5 орын, биатлон және басқа да қашықтық; шаңғышы Николай Карпенко - 30 орын. Шорт-трек бойынша да қазақстандық спортшылардың көрсетіп жатқан нәтижелері жаман емес.
Алдымызда тағы бірнеше қашықтықта жарыстар бар, Е.Хрусталева алдағы масс-старт пен эстафетада да жақсы өнер көрсетеді деген сенім мол.
Анықтама үшін: 1980 жылы Красноярскіде туған Елена Хрусталева 2006 жылдан бері Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады. Ең үлкен жетістігі - 2009 жылғы Әлем чемпионатында 6-шы орын.