Қазақстан су шаруашылығын қалай жаңғыртып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Су – XXI ғасырдағы маңызды стратегиялық ресурс. Бүгінде Қазақстан үшін әр тамшы судың құны артып келеді. Осындай кезеңде су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Бүгін аталып өтетін кәсіби мерекеге орай Kazinform тілшісі саладағы өзгерістерге, жүзеге асып жатқан реформалар мен мәселелерге шолу жасады.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Тапшылықтан тиімді басқаруға дейін

Соңғы жылдары климаттың өзгеруі, мұздықтардың азаюы, трансшекаралық өзендерге тәуелділік пен ауыл шаруашылығындағы суға сұраныстың артуы Қазақстан үшін су қауіпсіздігін ұлттық деңгейдегі мәселеге айналдырды. Сарапшылардың болжамынша, қазіргі үрдіс сақталса, 2030 жылға қарай елдегі су тапшылығы 15 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін.

Осы сын-қатерлерді ескере отырып, мемлекет су шаруашылығы саласын кешенді жаңғыртуға кірісті. Соңғы жылдары салада заңнамалық, инфрақұрылымдық және технологиялық бағыттағы ауқымды реформалар қолға алынды. Жаңа Су кодексі қабылданып, ирригациялық инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Цифрлық басқару жүйелері енгізіліп, су үнемдеу технологиялары кеңейтілуде. Сонымен қатар кадр даярлау мен халықаралық тәжірибені енгізуге басымдық беріліп отыр.

Kazinform

Дегенмен су қауіпсіздігі ішкі реформалармен шектелмейді. Еліміздегі су ресурстарының басты ерекшелігінің бірі – олардың едәуір бөлігі ел аумағынан тыс жерде қалыптасады. Бүгінде су қорының 55,7 пайызы ғана республика ішінде түзілсе, қалған 44,3 пайызы Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келетін трансшекаралық өзендер арқылы келеді.

Осы ерекшелік су ресурстарын басқару жүйесіне тікелей әсер етеді. Қазақстанда су ресурстары сегіз бассейндік қағидат бойынша басқарылады. Алайда олардың сумен қамтамасыз етілу деңгейі әртүрлі. Ертіс пен Балқаш–Алакөл бассейндері суға бай болса, Нұра–Сарысу бассейнінде су қоры шектеулі. Ал оңтүстік және батыс өңірлер көрші мемлекеттерден келетін су көлеміне тікелей тәуелді.

Qazaq Expert Club сарапшысы Қуаныш Өзбековтің айтуынша, Қазақстан трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқандықтан, көрші мемлекеттермен тиімді су саясатын жүргізу стратегиялық маңызға ие.

– Еліміздегі өзен ағынының шамамен жартысы республика аумағынан тыс жерде қалыптасады. Сондықтан көрші елдермен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді су саясатын қалыптастыру – уақыт талабы, – дейді сарапшы.

Фото: Қуаныш Өзбековтің жеке мұрағатынан

Трансшекаралық тәуелділікпен қатар су қорына климаттың өзгеруі де барған сайын көбірек әсер етіп отыр. Ғалымдардың мәліметінше, Тянь-Шань тау жүйесіндегі мұздықтардың көлемі соңғы онжылдықтарда айтарлықтай азайған. Бұл алдағы уақытта өзендердің табиғи қоректенуіне ықпал етуі мүмкін.

Осыған байланысты жауапты ведомство негізгі тәуекелдердің қатарында жаһандық жылынуды, мұздықтардың деградациясын, трансшекаралық өзендердің жоғарғы ағысындағы су тұтынудың артуын және экономиканың суға тәуелділігін атайды.

Ал су ресурстарының негізгі тұтынушысы – ауыл шаруашылығы. 2024 жылы алынған судың шамамен 60 пайызы осы салаға жұмсалған. Мамандардың айтуынша, мәселе тек су көлемінде емес, оны қаншалықты тиімді пайдалана білуде. Тозған суару жүйелері мен ашық каналдардағы шығын салдарынан судың едәуір бөлігі егістікке жеткенше ысырап болады. Сондықтан бүгінгі негізгі міндет – қолда бар су ресурсын барынша тиімді басқарып, әрбір текше метрдің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету.

Рекордтық инвестиция: қандай жобалар жүзеге асып жатыр?

Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы реформалардың нәтижесі ең алдымен салаға бөлінген қаржы көлемінен байқалады. Соңғы екі жылда су шаруашылығына тартылған инвестиция рекордтық деңгейге жетіп, инфрақұрылым жұмыстары айтарлықтай қарқын алды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдегендей, тек 2025 жылдың өзінде су шаруашылығының негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 22 пайызға жоғары.

– Соңғы екі жылда салаға салынған инвестиция көлемі 676,7 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы үш жылдағы көрсеткіштен де жоғары. Қаржының негізгі бөлігі ирригациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталды. Осы кезеңде шамамен 1500 шақырым суару каналы бетонмен қапталып, каналдарды механикаландырылған тазарту көлемі бірнеше есе артты, – деген болатын министр.

Тартылған инвестицияның басым бөлігі нақты инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалып жатыр. Соның нәтижесінде суару жүйелерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Өткен жылы 700 шақырым суару каналы қайта жаңғыртылса, биыл тағы 986 шақырым канал күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар төрт су қоймасы жаңартылып, тағы төрт су қоймасын реконструкциялау және үш жаңа су қоймасын салу жоспарланған.

Kazinform

Инфрақұрылымды дамыту заңнамалық реформалармен қатар жүргізілуде. Осы бағыттағы негізгі құжат – жаңа Су кодексі. Онда алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітілген. Сонымен бірге алдағы жылдары 20 жаңа су қоймасын салу, 15 гидротехникалық құрылысты жаңғырту, 14 мың шақырым ирригациялық желіні қалпына келтіру және 2030 жылға қарай су шығынын 25 пайызға дейін қысқарту міндеті қойылған.

Дегенмен сарапшылардың айтуынша, мәселені тек жаңа каналдар мен су қоймаларын салу арқылы шешу мүмкін емес. Су тапшылығы күшейіп отырған жағдайда басты назар судың нақты есебін жүргізуге және цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге аударылуы тиіс.

Цифрлық шешімдердің рөлі

Бұл ретте Қазақстан су шаруашылығын цифрландыруға басымдық беріп отыр. Егер бұрын бұл бағыттағы жұмыстар негізінен су тұтынуды есепке алумен шектелсе, бүгінде гидротехникалық құрылыстарды автоматты басқару, гидрожапқыштарды қашықтан реттеу және суды нақты уақыт режимінде бөлу жүйелері кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл су шығынын азайтып қана қоймай, суару жүйелерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше, осы бағыттағы ірі жобалардың бірі – Қазақстанның оңтүстігіндегі ирригациялық және дренаждық жүйелерді жаңғырту жобасының екінші кезеңі. Қазір жоба аяқталуға жақын. Ол іске қосылғаннан кейін су жеткізу жүйесінің сенімділігі артып, су ысырабы айтарлықтай қысқарады деп күтілуде.

Цифрлық шешімдерді енгізуге мемлекеттік құрылымдармен қатар отандық инженерлер де атсалысып жатыр. Солардың бірі – суару арналарына арналған автоматтандырылған су реттегіш қақпалар. Жүйе фермердің нақты сұранысына қарай суды автоматты түрде реттеп, ультрадыбыстық шығынөлшегіштер арқылы оның көлемін үздіксіз бақылап отырады.

Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің тьюторы Қуаныш Зікірбайдың айтуынша, мұндай технологиялар судың әр литрінің қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.

– Су тапшылығы күшейіп келе жатқан жағдайда суды дәл есептеу мен тиімді бөлу ерекше маңызды. Автоматтандырылған жүйелер осы міндетті орындауға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Қазір мемлекет су ресурстарын басқарудың бірыңғай интеллектуалды жүйесін қалыптастыруға кіріскен. Бұл су қорын басқаруды ұлттық деңгейде үйлестіруге мүмкіндік береді.

Осы мақсатта Су ресурстарының ақпараттық орталығы Германияда әзірленген Talsim бағдарламасын Қазақстан жағдайына бейімдеуде. Қазір жүйе еліміздегі ең ірі 8 өзен бойынша ауа райы, жауын-шашын, қар қоры, өзен ағыны және су қоймаларындағы мәліметтерді біріктіріп, су көлеміне қатысты болжам жасайды.

Орталықтың басқарушы директоры Нұрлан Абаевтың айтуынша, аталған модель су қоймаларына келетін су көлемін алдын ала есептеп, төтенше жағдайларға ертерек дайындалуға мүмкіндік береді.

Фото: Нұрлан Абаевтың жеке мұрағатынан

– Егер су көлемі көп болса, тасқынның алдын алу шаралары қабылданады. Ал су аз болатын жағдайда қажетті қор алдын ала жиналады. Сонымен қатар жүйе көрші мемлекеттердің аумағындағы жағдайды да ескеріп, трансшекаралық өзендер арқылы келетін суды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Бұл әсіресе Қазақстан үшін аса маңызды. Өйткені елдегі су қорының жартысына жуығы көрші мемлекеттерден келетін трансшекаралық өзендерге тәуелді екенін айттық.

DeepBasсу қауіпсіздігін болжаудың жаңа кезеңі

Саланы цифрландырудың келесі кезеңі – жасанды интеллект технологияларын енгізу. Егер бүгінгі күні негізгі назар су ресурстарын есепке алу мен басқаруды автоматтандыруға аударылса, ендігі міндет – су жүйесінің жұмысын алдын ала болжай алатын интеллектуалды модель қалыптастыру.

Осы мақсатта елімізде DeepBas (Deep Basin Spatiotemporal AI) жобасын іске асыру ұсынылып отыр. Оның негізгі мақсаты – су ресурстарының ұлттық цифрлық үлгісін жасау. Мұндай жүйе өзендердегі, су қоймаларындағы және каналдардағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап қана қоймай, ықтимал қауіптерді алдын ала модельдеуге мүмкіндік береді. Мәселен, ол қуаңшылық кезінде қай өңірде су тапшылығы туындауы мүмкін екенін немесе көктемгі тасқын кезінде қай су қоймасының қауіп аймағында тұрғанын алдын ала анықтай алады.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың пікірінше, мұндай жүйені енгізу жекелеген процестерді цифрландырудан әлдеқайда ауқымды міндет.

Фото: primeminister.kz

– Су қозғалысы, климаттық өзгерістер, жерүсті және жерасты сулары жөніндегі барлық ақпарат бірыңғай интеллектуалды жүйеде жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана ғылыми негізделген әрі тиімді шешім қабылдауға болады, – дейді академик.

Министрліктің жоспарына сәйкес, осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, су ресурстарын басқарудың толыққанды цифрлық экожүйесі 2028 жылға дейін қалыптасады. Бұл су шаруашылығын басқарудағы шешімдерді жедел қабылдауға, су тапшылығы мен табиғи қауіптерді дәл болжауға және су қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.

Суды үнемдеу – басты міндет

Цифрландыру мен инфрақұрылымды жаңғыртудың түпкі мақсаты – қолда бар су ресурстарын барынша тиімді пайдалану. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығы үшін маңызды. Өйткені Қазақстанда алынатын судың шамамен 60 пайызы дәл осы салаға тиесілі. Сондықтан су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр.

Министрліктің мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыстар алғашқы нәтиже бере бастады. Өткен жылы су үнемдеу технологияларын енгізудің арқасында 874 млн текше метр су үнемделді. Соңғы жылдары мұндай технологияларды енгізу қарқыны да бірнеше есе артты. Егер бұрын олар жылына орта есеппен 30 мың гектар жерге енгізілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 150 мың гектарға дейін жеткен.

Фото: Gov.kz

Нәтижесінде егістік алқаптарының көлемі тұрақты түрде ұлғайып келеді. Өткен жылдың қорытындысында олардың жалпы аумағы 543,5 мың гектарды құрады. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Дегенмен мамандардың пікірінше, технологияларды енгізумен қатар, суару инфрақұрылымын жаңарту да шешуші рөл атқарады. Сарапшылар мемлекет су үнемдеу технологияларын енгізуді экономикалық тұрғыдан ынталандыруға көшуі қажет деп санайды. Бұл фермерлерді заманауи шешімдерді кеңінен қолдануға ынталандырып қана қоймай, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына мүмкіндік береді.

Кадр даярлау қалай жүзеге асып жатыр?

Саланың табысты болуы ең алдымен оны жүзеге асыратын білікті мамандарға байланысты. Сондықтан кадрлық әлеуетті нығайту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Осы мақсатта мамандарды даярлауға бөлінетін мемлекеттік қолдау артып келеді. 2026–2027 оқу жылында су шаруашылығы мамандықтарына 1000 мемлекеттік грант бөлінген. Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында осы бағыттар бойынша 2629 студент білім алып жатыр.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Алайда басты міндет тек жаңа мамандарды даярлау емес, оларды салада тұрақты еңбек етуге ынталандыру. Министр айтқандай, бұл бағытта білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнатылған.

– Осы мақсатта министрлік жоғары оқу орындары және колледждермен меморандумдар жасасып, студенттердің өндірістік тәжірибесін «Қазсушардың» филиалдарында, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығында, Ұлттық гидрогеологиялық қызметте және ғылыми-зерттеу институттарында ұйымдастырып келеді, – деді Нұржан Нұржігітов.

Кадр тапшылығын шешу үшін білім беру жүйесін жетілдірумен қатар, сала мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға да басымдық беріліп келеді. Соңғы екі жылда «Қазсушар» кәсіпорны қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен ұлғайып, орташа айлық шамамен 300 мың теңгеге жетті. Төменгі буындағы қызметкерлердің жалақысы екі есеге жуық артты. Сонымен қатар бұрын маусымдық негізде жұмыс істеген 425 қызметкер тұрақты жұмысқа қабылданған.

Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстан су шаруашылығын дамытуда халықаралық тәжірибеге де басымдық беріп отыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған сәттен бастап шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтіп келеді.

Осы уақыт ішінде министрлік 4 халықаралық келісімге және 20-дан астам ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Министрлік пен оған қарасты ұйымдар Франция, Германия, Нидерланд, Испания, АҚШ, Израиль және Қытай сияқты елдердің мемлекеттік органдарымен, халықаралық ұйымдарымен, даму агенттіктерімен және жетекші компанияларымен әріптестік орнатқан.

Ынтымақтастықты үйлестіру мақсатында 2024 жылдың қыркүйегінде Су секторын дамыту жөніндегі серіктестердің үйлестіру кеңесі құрылды. Кеңес су шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды үйлестіріп, техникалық, қаржылық және консультативтік қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда оның құрамына 47 ұйым мен құрылым енген. Олардың қатарында Ұлыбритания, Франция, Швейцария, Израиль, Нидерланд және Венгрия елдерінің елшілері, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі, Еуропалық Одақ өкілдігі, сондай-ақ халықаралық қаржы институттары мен тағы басқа ірі компаниялар бар.

Осы әріптестіктің нақты нәтижелерінің бірі – 2024 жылдың желтоқсанында Францияның даму агенттігі (AFD) мен Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросымен (BRGM) жасалған үшжақты келісім. Құжат аясында Балқаш көлінің бассейніне кешенді зерттеу жүргізіліп, көлді сақтау жөніндегі мастер-жоспарды әзірлеуге 1,35 млн еуро көлемінде грант бөлінеді.

Сонымен қатар Қазақстан Азия елдерімен де ынтымақтастықты күшейтіп келеді. Соның ішінде маңызды серіктестердің бірі – Қытай. Өткен жылы екі ел су ресурстары саласындағы алғашқы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат су ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу, баламалы су көздерін пайдалану және сала мамандарын даярлау бағыттарын қамтиды.

Бұл келісім қазір нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып жатыр. Биыл қазақстандық мамандар Қытайдың Чанша қаласында біліктілікті арттыру курстарын бастады. Олар цифрлық технологияларды енгізу бойынша тәжірибе жинақтауда. Бағдарлама «Қазсушар» кәсіпорны мен Power China International Group Limited компаниясының серіктестігі негізінде іске асырылып жатыр. Ынтымақтастық кезең-кезеңімен кеңейтіледі. Жыл соңына дейін Қытайда 200-ге жуық қазақстандық маман білімін жетілдіреді.

Осылайша, су шаруашылығын жаңғырту тек жаңа канал салу немесе гидротехникалық нысандарды жөндеумен ғана шектелмейді. Инфрақұрылымды жаңарту, цифрландыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, халықаралық тәжірибені игеру және білікті мамандар даярлау бір-бірімен өзара сабақтас бағыттар ретінде жүзеге асырылып жатыр.

Еске салайық, елімізде барлық кәсіпорын су үнемдеудің бес жылдық жоспарын әзірлеуге міндеттеледі.