Депутаттың айтуынша, сарапшылар 2030 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы қатты сезілетінін, ал 2050 жылға қарай ел терең су дағдарысына ұшырауы мүмкін екенін болжап отыр.
– Еліміздегі 8 су шаруашылығы бассейнінің 7-еуі трансшекаралық. Бұл Қазақстанның су қауіпсіздігін көрші мемлекеттердің саясатына тәуелді етеді. Алайда басты мәселе сыртқы факторларда ғана емес, ішкі ресурстарды тиімсіз пайдалануда болып отыр, – деді Асхат Рақымжанов.
Оның мәліметінше, ауыл шаруашылығы елдегі су ресурстарының 60 пайыздан астамын тұтынады. Кей өңірлерде бұл көрсеткіш 79 пайызға дейін жетеді. Алайда ирригациялық жүйелердің тозуы салдарынан судың едәуір бөлігі егістікке жетпей ысырап болады.
– Ирригациялық желілердің тозуы 70–80 пайызға жеткен. Соның кесірінен өзендерден алынған судың 50 пайыздан астамы жерге сіңіп кетеді. Соңғы 30 жылда су пайдалану коэффициенті 0,8-ден 0,5-ке дейін төмендеді, – деді депутат.
Сондай-ақ ол су үнемдеу технологияларының жеткілікті деңгейде енгізілмей отырғанын айтты. Әсіресе оңтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш небәрі 3 пайыз шамасында.
Оған қоса Асхат Рақымжанов депутаттық сауалында елдегі судың «көлеңкелі нарығы» мәселесін де көтерді. Онда су ресурстарының заңсыз пайдаланылып, төлемсіз жұмсалып жатқаны айтылды.
Сонымен қатар депутат Үкіметке ирригациялық желілерге толық техникалық аудит жүргізуді, су ұрлығына қатысты жауапкершілікті күшейтуді, өндіріс орындарын айналымдық су жүйесіне көшіруді және су саласындағы ғылыми-зерттеу әлеуетін қалпына келтіруді ұсынды.
Айта кетейік, Қазақстанның алты өңірінде су қоймалары мен каналдарды жаңғырту басталды.