ОРАЛ. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан Судьялар одағы БҚО филиалы бұқаралық ақпарат құралдарында соттар қызметі жөніндегі үздік материалдарға байқау жариялады.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, байқауға қазақ және орыс тілдерінде жазатын республикалық және жергілікті БАҚ-тар өкілдері, сондай-ақ сот аппаратының қызметкерлері қатыса алады. Мұндағы мақсат - сот-құқықтық реформаларды насихаттау, соттардың, судьялардың, судьялар қауымдастығының қызметін БАҚ-та жариялау және олардың мәртебесін көтеру. Үздік жарияланымдар «Қылмыс пен жаза» (репортаждар мен сараптамалық очерктер), «Жоғары мәртебелі» (судьялар қауымдастығының қызметі туралы), «Әділ сот таразысында» (ең үздік телезивизиялық материал), «Сот хроникасы» аталымдары бойынша анықталады.
Биылғы жылдың 1 сәуірі мен 15 маусымы аралығында ұйымдастырылып отырған байқау қорытындысы Журналистер күні қарсаңында шығарылып, жеңімпаздар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).